Теміржол инфрақұрылымы: Президент тапсырмасы орындалды
#qyzylordatv
Мемлекет басшысының теміржол инфрақұрылымын жаңғырту тапсырмасына сәйкес аймақтағы бірқатар теміржол вокзалдары қайта жаңғыртудан өтті. Соның ішінде, Жосалы және Төретам кентіндегі ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілсе, Арал қаласында заманауи үлгідегі жаңа вокзал салынып, ел игілігіне берілді.
ӘКІМЖАН ЖОЛТАЕВ, ТІЛШІ
Арал теңізі вокзалы 1905 жылы салынып, пайдалануға берілген. 120 жылдан астам тарихы бар ғимарат толықтай сүріліп, бүгінде заманауи үлгідегі жаңа вокзал бой көтерді. Мұнда жолаушылар үшін барлық жағдай жасалған
Жаңадан салынған теміржол вокзалы тәулігіне 224 жолаушыға қызмет көрсетеді. Заманауи талаптарға сай жабдықталған ана мен бала бөлмесі, медициналық пункт, күту залы, мүгедектігі бар жолаушыларға арналған лифт, жүк сақтау қоймасы және санитарлық-тұрмыстық орындар қарастырылған.
ЖАСҚАЙРАТ МӘМБЕТӘЛИЕВ, «АРАЛ ТЕҢІЗІ» ТЕМІРЖОЛ ВОКЗАЛЫНЫҢ БАСТЫҒЫ
Бұрынғы вокзал 438 шаршы метрден қазір 1148 шаршы метрге ұлғайды. Халыққа барлық жағдай жасалған. Мүгедектерге арналған лифт бар. Перон, платформа бәрі жаңаланып, абаттандырылды. Қазіргі таңда Арал станциясынан 24 пойыз жүреді екі бағытқа
Құрылыс жұмыстарын «Техоснастка ремсервис» компаниясы жүргізген. Вокзалдың аумағы да абаттандырылып, түнгі жарық шамдар мен орындықтар орнатылған. Жаңа нысанның ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Президенттің теміржол инфрақұрылымын жаңғырту тапсырмасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Атап өту керек, бүгінде еліміз бойынша 124 вокзал қайта жаңғыртудан өтіп жатыр. Соның ішінде Сыр өңірінде 7 теміржол вокзалы, 2 қызмет көрсету пункті және Талап бекетіндегі жолаушылар платформасы бар. Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында Жосалы және Төретам кентіндегі вокзал ғимараттары да күрделі жөндеуден өтті.
«Төретам» теміржол вокзалының тарихы Байқоңыр ғарыш айлағының құрылу кезеңімен байланысты. Станция арқылы айлаққа қажетті құрылыс материалдары, жабдықтар мен жүк тасымалданған. Қайта жаңғыртылған вокзал тәулігіне 250 жолаушыға қызмет көрсетеді. Ғимараттың қасбеті мен іргетасы қапталып, шатыры, есік-терезесі түгел ауыстырылған, электр желілері мен жылу жүйесі жаңартылды.
Жосалы кентіндегі теміржол вокзалы да күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігіне берілді. Қайта жаңғыртылған нысанның ашылуына облыс әкімімен бірге Құрылтай депутаттары да қатысып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті.
«Жосалы» теміржол вокзалының қасбеті мен іргетасы қапталып, төбе жабындысы мен есік-терезелері ауыстырылды. Электр желілері мен жылу жүйесі қайтадан жүргізілді. Мұнан бөлек, перрон аумағы абаттандырылды. Заман талабына сай жабдықталған ғимараттың ашылғанына тұрғындар қуанышты.
Айта кету керек, мемлекет басшысының теміржол инфрақұрылымын жаңғырту тапсырмасы аясында Жалағаш және Тереңөзек кентіндегі қызмет көрсету пунктері де жөндеуден өтіп жатыр. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады.