Ұрпақ тәрбиесі, бала қауіпсіздігі, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың бос уақытын тиімді өткізу күн тәртібіндегі ең өзекті мәселенің бірі. Аралда аудан әкімінің төрағалығымен осы тақырып төңірегінде кеңейтілген жиын өтті.

Арал ауданында жыл басынан бері кәмелеттік жасқа толмағандардың қатысуымен қылмыс орын алмаған. Дегенмен, жасөспірімдердің беймезгіл уақытта көшеде жүруі, қоғамдық орындарды ластау секілді құқық бұзушылық фактілері кездеседі. Құқық қорғау органдарының өкілдері мұндай жағдайлардың жиі орын алуы ата-ананың жауапкершілігінің төмендігінен дейді. Себебі, ауданда бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын қолайсыз отбасылар бар. Полиция бөлімінің қызметкерлері биылдың өзінде дәл осындай 11 отбасын анықтап отыр. Ал, 6 ата-ана ішкілікке салынған.

НҰРБЕК ШЕГЕБАЕВ, АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ \Аудандық полиция бөлімінде 2024 жылдың сәуір айының есебінде қолайсыз 11 отбасы, 20 бала бар. 3 отбасының әкесі, 3 отбасының анасы ішкілікке салынған. ...Осымен 20 адамға шара көріліп, тиісті жазасын алды....\

Мәжілісте балалардың жазғы демалысын тиімді өткізу мәселесі де қаралды. Мәселен, биыл 803 бала «Қамбаш» тынығу лагеріне, 8 мыңнан астам оқушы мектеп жанындағы күндізгі лагерьге барады. Аудан әкімі жауапты сала басшыларына демалыс кезінде бала қауіпсіздігіне ерекше назар аудару керектігін айтты.