#qyzylordatv

31-ші мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Қуғын-сүргіннің зұлмат жылдары – қазақ тарихының ең қасіретті беттері. Сол нәубет кезеңде елінің болашағы үшін еңбек еткен талай арыстар жазықсыз жазаға ұшырады. Солардың арасында – қазақтан шыққан тұңғыш прокурор, жерлесіміз Сүлеймен Есқараев та бар. Оның тағдыры – бір адамның ғана емес, бүтін бір дәуірдің шындығы. Енді осы тұғырлы тұлға жайында тілшіміз Назира Алмас айтады.

 Сүлеймен Есқараев – қадағалушы органның қазақ жерінде қазығын қаққан қайраткер. Тұңғыш прокурордың тағдыр жолы сан тарау. Жастайынан жетім қалып, қаршадайынан қара жұмысқа жегілді. Бірақ, ол қажымады. Керісінше, қайраттанды. Есқараевтың еңсесін еңбек көтерді. Әуелі Сырда сауатын ашып, кейін Ташкенттегі партия-совет мектебінде білімін жетілдірді. Сөйтіп, ел басқару ісіне етене араласа бастады. Ішкі істер халық комиссары, Қарағанды облыстық атқару комитетінің төрағасы, Әділет халық комиссары сынды маңызды лауазымдарды абыроймен атқарды. 1936 жылы прокуратура Әділет халық комиссариатынан бөлініп, дербес орган ретінде қайта құрылғанда, оның алғашқы басшысы ретінде дәл осы Сүлеймен Есқараев тағайындалды. Оның болмыс-бітімі әділдікке, халқына көмекке бағытталған еді.

ІЗБАСҚАН ЕСҚАРАЕВ – СҮЛЕЙМЕН ЕСҚАРАЕВТЫҢ НЕМЕРЕ ІНІСІ Сүлеймен атаның түрі суықтау дейтін. Бірақ ақ пейіл, туысқандарына жақсы тұғын. Мысалға айтайық, Тұрмағамбет Ізтілеуов деген жерлесіне көп көмегені тигізді. «Шахнама» деген поэмасын шығарған кезде сол кісіге көп көмектесті. Сондай ағайындарға жақсы көмегі болатын.

Тұңғыш прокурор саладағы кадр тапшылығын шешу үшін – Ақтөбе, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарында ұлттық құқықтық мектептер ашуға тікелей бастамашы болды. Қызметкерлерге арналған жатақхана, пәтер, асхана салуға жағдай жасады. Сонымен қатар Ресейдің Қазан қаласындағы заң институтына ұлттық кадрлар даярлауға 50 орын бөлу туралы келісімге қол жеткізді.

 САҒАТБЕК СҮЛЕЙМЕНОВ – СОТ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ Мынау әділеттілік жолында әркім бір қызмет жасап жатады. Ал енді өмірін беріп, жәбірленіп жатқан елге қамқор болу, соның артында өзі жалалы болып, атылып кету – бұл шаһид емей немене?! Темірбек Жүргенов екеуі осы елдің азаматтары. Бірге, қатар қызмет еткен, бір-біріне жанашыр болған. Сөйтіп, бұл кісілер өз қалтасынан қаражат шығарып, стипендия төлеп, ауыл мектептеріндегі балаларды Ресейде оқытқан

 Сот және прокуратура жұмысының әділ жүргізілуін, заң үстемдігін орнатуды көздеген Есқараев қызметкерлер даярлау, құқықтық база қалыптастыру секілді бастамаларға тікелей мұрындық болды. Алайда, оның дәл осы адалдығы сталиндік қуғын-сүргінге ұшырауына себеп болды. 1937 жылы тұтқындалып, 1938 жылы ұлт зиялыларымен бірге ату жазасына кесілді. Сол тұста жары Мария 10 жылға АЛЖИР-ге айдалды, төрт перзенті – Әлия, Марат, Мариэтта, Эрик – балалар үйіне өткізілді. Кейіноларды туыстары іздеп, тауып, қамқорлыққа алыпты.

ІЗБАСҚАН ЕСҚАРАЕВ – СҮЛЕЙМЕН ЕСҚАРАЕВТЫҢ НЕМЕРЕ ІНІСІ Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин - барлығы 19 адам болған дейді. Алматының жанындағы бір жерде атылып, сол маңға көмілген екен деп естиміз. Оны ешкім нақты зерттеген жоқ, білген адамдардан естігеніміз осы. Содан кейін ағайын-туыстарының бәрі жан-жаққа безіп кетті. Сүлеймен Есқараевты ұстап әкеткен соң, менің әкеме 10 жыл жаза беріп, түрмеге қамады. «Итжеккенге айдалып кеттім» дейтін. Сонда 8 жыл отырып келді. Кейін Сталиннің заңы шықты: «Бала – әкесінің ісіне, әке – баласының ісіне жауап бермейді» деген. Сол заңның арқасында 8 жылдан кейін босап шықты. 1958 жылы толық ақталып келді.

 САҒАТБЕК СҮЛЕЙМЕНОВ – СОТ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ Ғылыми конференцияны сол кезде Бердібек Сапарбаев басқарған. Фамилиялас, аттас болған соң, Байқоңырдың жас буын прокурорлары атынан сөз бергенде мені таныстырған кезінде «Сүлеймен Есқараевтың немересі» деп айтып жіберіпті. Содан бүкіл Қазақстанға мен бұл кісінің немересі болып кеткенмін. Бірақ, Құдай біледі, бұл кісінің атын жамылып, қызметте ешқашан пайдаланған емеспін.

 САҒАТБЕК СҮЛЕЙМЕНОВ – СОТ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ Ол кісінің басына осы қорымда ескерткіш қойған ғой. Бюстін қойған қоладан. Оны ұрлап кетіп біреулер, темір-терсекке өткізіп жіберіп. Содан Байқоңырда бір мүсінші бар тұғын, мен ол кезде сонда прокурормын. Сол кісіге істетіп әкеліп қойдырдым. Етене араласып кететін, себептер болды сондай. Енді Марат ағамыздың, Әлия апамыздың көзін көрдік, Мариэтта апаларымыздың көзін көрдік.

 Қазақтан шыққан тұңғыш прокурор – Сүлеймен Есқараевтың есімі уақыт сынынан сүрінбей өтті. Өмірін әділет жолына арнап, зұлмат жылдары құрбан болған қайраткердің тағдыры – бүгінгі ұрпақ үшін өнеге. Оның есімі – заң үстемдігі мен мемлекетшілдік қағидаттарына адал қызметтің символы. Есқараев сынды тұлғалар ел жадынан өшпек емес.