#qyzylordatv

«Әже жүрегіндегі ғұмыр – қыз жүрегіне құйылар нұр». Расымен, әже - отбасындағы татулықтың, бірліктің кепілі. Әсіресе, жаһандану дәуірінде ұлттық тәрбиені жаңғыртуда аяулы жандардың алар орны ерекше. Осы мақсатта аймақта құрылған әжелер алқасы жастармен кездесіп, өнегелі өсиет айтып келеді.

 Ақ жаулықты әжелер - ұлттың ұйытқысы. Тәрбие тіні үзілмеген шаңырақта ұлықты ұлдардың, қылықты қыздардың қанат қағары хақ. Сондықтан аяулы әжелердің өнегелі өсиеті қазіргі буынға ауадай қажет.

 РАЗИЯ ҚАЛЖАНОВА - ОБЛЫСТЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІ ЖАНЫНДАҒЫ ӘЖЕЛЕР АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ Әжелер қозғалысы республикалық ардагерлер орталық кеңесінің ұйғарымыменен 2023 жылы қолға алынған болатын, қазір барлық аудан, облыста аәжелер алқасы құрылып, Қызылорда облысында да өткенде облыстық әжелер форумы өтті, бүкіл аудандарда әжелер алқасы құрылып,әжелердің өмірдегі іс-тәжірибесін жастарға үйрету, үлгі болу бағытында осы жұмыстарды жалғастырып жатырмыз

 Кездесудің мақсаты бір. Ол - ұлтымыздың салт-дәстүрін дәріптеу, отбасы құндылығын нығайту, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуге үн қосу. Бұл ретте асыл әжелердің айтар ақылы, көрсетер өнегесі аз емес.

ЖАҢЫЛ ҚАШАҚБАЕВА - ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ кітап оқы деп айтамыз, үлкен немерем қазір он төртте,бос уақытында кітап оқиды, соған мен қуанамын, үйде отырып әже болып бала тәрбиелеуде оңай емес, немере қыздарымызға кішкенеде болса ісмерлікке үйренсін деп, ине ұстатып, моншақ салып, біз кезінде мамаларымызға сегізінші мартка открыткаға гүл салып беретінбіз, бүгін сондай гүл салайықшы ойыңа қандай гүл келіп тұр деп тәрбиелейміз, оның бәрі тәрбие тал бесіктен дейді ғой, балаларымыз аман болып өсе берсін.

 Ұлттың тірегі де, ұйытқысы да – ана мен әже. Ұрпақтар арасындағы үндестікті сақтап қалу үшін мұндай шаралардың маңызы зор. Жиын соңында кейінгі буын сауалдарын жолдап, кеңес алды.