#qyzylordatv
Қыз алып қашқандар 10 жылға дейін сотталуы мүмкін. Ер азаматтарды қорқытып-үркітіп тұрмысқа шығатындарға да жаза қарастырылмақ. Мәжіліс депутаттары қылмыстық кодекске жаңа бап енгізіп жатыр. Тілші бейнематериалында толығырақ.
Енді қыз алып қашатындарға жаза қатаң. 10 жылға дейін сотталуы мүмкін. 20 млн теңгеге дейін айыппұл қарастырылған. Қыз бала кешірім берсе де, енді бұрынғыдай жазадан оңай құтылмайды. Жаңа бап осыны көздеп отыр.
МҰРАТ ӘБЕНОВ – ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ //Мысалы, қызды күштеп алып қашты. Қыз көнбейді. Қызды қамап ұстады. Бірақ, оны босататын болса, жауапкершіліктен босататын. Сондай, арнайы қосымшасы бар тұғын. Сол қосымша арқылы қанша адам босап кетіп жатыр. Қосымшасын алып тастадық.//
Тілші: Қыз алып қашуға қатысты заңның атауы да, мәні де өзгеруде. Қылмыстық кодекске қосылып жатқан жаңа бап «Неке қиюға мәжбүрлеу» деп аталады. Маңыздылығы сол, бұл заң қыз-келіншектердің де, ер азаматтардың да құқығын қорғайды.
АБЗАЛ ҚҰСПАН – ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ //Үш бөліктен тұрады. деген жаңа бап қосылды қылмыстық кодекске. Бірінші бөлігінде, егер әртүрлі ақпараттар таратамын деп, басқалай манипуляция жасау арқылы некеге мәжбүрлейтін болса, жауапкершілік 2 жылға дейін басбостандығынан айырумен шектеледі.//
Оның ішінде айыппұл, қоғамдық жұмысқа тарту, бас бостандығынан шектеу де бар. Жаза істің ауырлығына қарай тағайындалады. Мысалы қыз бала 18 жасқа толмаған болса немесе оған күш қолданылса, айыпталушыға 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан шектеу немесе айыру, жазасы беріледі. Ал, денсаулығына зиян келсе, 10 жылға дейін сотталуы мүмкін.
ЕРЛАН ҚОШАНОВ – ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ //Соңғы кезде қыз алып қашуды ұлттық дәстүр санап, дәріптеу әрекеттері жиілеп кеткен. Бұл шын мәнінде адамның құқығы мен еркіндігін өрескел кемсіту. Құқық қорғаушылар некеге мәжбүрлеу туралы істердің тек бірен-сараны ғана сотқа жететінін айтып отыр. Көп жағдайда бұл заңнамадағы олқылықтардың салдарынан болып отырғаны белгілі.//