#qyzylordatv
Облыстық прокуратураның бастамасымен ұйымдастырылған «Заң және тәртіп керуені» акциясы қорытындыланды. Іс-шара аясында жыл басынан бері алты мыңнан астам тұрғыннан сауал түсіп, соның 556-на құқықтық көмек көрсетілген. Сондай-ақ, тағы 100-ден астам азаматтың өтініші жеке қаралып, сұрақтарына жазбаша жауап берілді.
Ақпан айында басталған акция аясында құқық қорғау органдары қала және барлық ауданда халықпен кездесулер өткізді. Соның ішінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қылмыстық құқықбұзушылықтың алдын алуға көп көңіл бөлінді. Нәтижесінде, облыста криминогендік ахуал көрсеткіші 10 пайызға төмендеген. Мұнан бөлек, «Қылмыссыз өңір – кемел келешек кепілі» жобасы жүзеге асырылып, оның аясында 104 кәсіпкермен алкоголь өнімін сатуды шектеу бойынша меморандум жасалған. Тағы 7 ауыл тентек судан мүлдем бас тартыпты. Алайда интернет алаяқтық тыйылмай тұр. Мәселен, жыл басынан 46 азамат онлайн-алаяқтардың арбауына түсіп қалған.
СЕРІК ЕРГЕШОВ – ОПД БАСТЫҒЫ //Алаяқтықтың 40 пайызы интернеттік алаяқтық қылмыстар. Есепті мерзімде 155 дерегі тіркеліп, қылмыстарды ашу көрсеткіші 71,1 пайызды құрады. Департаменттің интернеттік алаяқтық қылмыстарды ашу, алдын алу, тиімділігін арттыру мақсатында киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы мен тергеу бөлімшелерінің тәжірибелі қызметкерлерінен жасақталған жедел тергеу тобы құрылып, жұмыс жасауда. Жедел іздестіру шаралары нәтижесінде 3 азамат құрықталып, олардың қылмысқа қатысы бар екендігін анықталып, тергеп тексеру жұмыстары жүргізілуде.//
РИЗАБЕК ОЖАРОВ – ОБЛЫС ПРОКУРОРЫ // Біз оларды уәкілетті органдарға жолдап, шешілетін мәселені шештік. Негізгі мақсатымыз – халықтың көкейінде жүрген проблемаларды тыңдау. Оның шешу жолдарын табу. Және уәкілетті органдарға тапсырма беру, оны қадағалау. Қазір әрбір азамат түсіну керек, заңды сыйлау керек. Тәртіпті сақтау керек. Осы ретте біз қоғам болып жұмыс істеуіміз керек. Бұл тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Заң мен тәртіпті ұстансақ, қоғамымыз түзеледі.//