#qyzylordatv
Қайта жаңғыртудан өткен қалалық мәдени және демалыс паркі де ашылды. Тілші бейнематериалында толығырақ.
Қалалық мәдени және демалыс паркінің ашылу салтанатында өнерлі өрендер ән-биден шашу шашты. Одан соң Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев балғындарды төл мерекесімен құттықтады.
Жалпы жас ұрпақтың білімді, саналы, жан-жақты болып қалыптасуына өңірде барлық жағдай жасалып жатыр.
Аумағы 6 гектарды құрайтын демалыс паркіне 500-ден аса ағаш отырғызылып, 20 мың түп гүл егіліпті. Балалардың қауіпсіздігі де ескерілген.
ЖАНТЕМІР АЯҒАНОВ – МЕРДІГЕР МЕКЕМЕ ӨКІЛІ // Біз қайта жаңғырту жұмыстарын желтоқсан айында бастадық. Атап айтар болсақ, жаңа тас төсеніштерін төсеп, түрлі ағаш көшеттерін отырғыздық. Скейтпарк пен спорттық алаңдарды да кеңейтіп, балалар үшін барлық қолайлы жағдайды жасадық. Жаңа атракциондар мен тұрғындар үшін тамақтанатын орындарды да ыңғайластырдық. Барлық ойын алаңдарында қауіпсіздік шаралары сақталған.//
ДӘУЛЕТ САҒИТ – ТІЛШІ //Халықаралық балалар күні қарсаңында қайта жаңғыртудан өтіп, пайдалануға берілген қалалық мәдени және демалыс паркі 20 жаңа атракционмен толықты. Сондай-ақ, балаларға арналған ойын алаңдары жаңа кейіпке еніп, түрлі субұрқақтар салынған. Халықаралық талапқа сәйкес жаңғыртудан өткен орталықтағы сахна да ерекше дизайнда жасалыныпты. Айта кетейік, алдағы уақытта балалардың жазғы демалысын тиімді өткізу мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылмақ.//
Саябақтың әр бұрышында жүздері бал-бұл жайнаған бүлдіршіндер өз өнерлерін ортаға салып, спорттық сайыстардан сынға түссе, енді бірі қойылым қойып, асфальтқа сурет салды.