Бүгін - Су шаруашылығы қызметкерлерінің күні. Бұл күн сырбойылықтар үшін маңызды мерекенің бірі десек болады. Өйткені, аграрлы аймақта мұрабтар мектебі қалыптасқан. Сабыр Арыстанбаев, Ержігіт Бозғұлов, Айқынбай Дүйсеков арда азаматтардың еткен еңбегі ел есінде. Қазір Сыр диқандары күрішті суға бастырды. Аяқсу тапшы кезеңде мұрабтардың біліктілігі көрінеді. Тілшіміз Қозы Көрпеш Жасаралұлы егіс басына барып, диқан қауымымен тілесіп қайтқан еді.
Ғалым Сыздықбаев бұрынан бейнеттің бел ортасында. Ілгеріде мал баққан. Бертінде ғана егін саласына бет бұрыпты. Қазір Бесарық ауылындағы шаруашылықтың сушысы. Бұған дейін тек 27 гектар күрішті күтіміне алса, биыл оның көлемін көбейтіпті.
ҒАЛЫМ СЫЗДЫҚБАЕВ – СУШЫ // Бір гектар емес, он гектар емес, қарамағымда 38 гектар жер бар. одан қаншама өнім алынады. Әрине жауапкершілікті сезінеміз. Балапанды күзде санайды дейді. Әзірге шығымы жаман емес.
Күріш дақылы - тіршілік нәрін көп тұтынады. Десе де, соңғы жылдары тапшылық анық сезіліп отыр. Сондықтан аяқсуды үнемдеп пайдалану, оны егіске түгелдей жеткізу жағы үлкен жауапкершілік жүктейді. Мұндай кезеңде де Ғалым Сыздықбаевтың сыр берген кезі жоқ.
ҒАЛЫМ СЫЗДЫҚБАЕВ – СУШЫ //Күріштің суы бір деңгейде тұру қажет. Бірде аз, бірде көп болса, өнімге әсер етеді. Күрішіңіз 120 күнде пісетін болса, суыңыз аз болса, дәнге әсер еетід. Дән піспей қалады. Толмай қалады.
«Егінші жылда арманда» деген. Мәртебелі маман баладай баптап отырған 38 гектар алқаптан мол алуды көздейді. Сол үшін күні-түні тынбай тер төгіп жатыр. Айта кетейік, биыл Сыр диқандары 83 мың гектарға дән тастаған. Дәл қазір егіс алқап толықтай суға бастырылған.