#qyzylordatv

Байқоңыр қаласында жұмысшы мамандықтар апталығы басталды. Шара барысында болашақ аспаздар мен кондитерлер тағам түрлерін жасап, шеберлік көрсетті.

Шоколад глазуріндегі тәтті тоқаштар, «Қызыл барқыттан» жасалған трайфлдар, ашытқысыз әдіспен пісірілген үй бәліштері. Мұның бәрін Байқоңыр индустриалдық колледжінің «Аспаз-кондитер» мамандығында оқитын студенттер пісірген. Болашақ аспаздар апталық аясында өздері дайындаған тағам түрлерін таныстырып, дайындалу әдісімен бөлісті.

Дәстүрлі аспаздар мен кондитерлер апталығы білім алушылардың басын біріктіріп, өзара тәжірибе алмасуға, шеберлігін шыңдауға мүмкіндік берді. Шара барысында көрме-экспозиция ұйымдастырылды. Онда дарынды студенттердің қолынан шыққан қабырға газеттері мен суреттер қойылған. Макарон өнімдері мен қамырдан жасалған ерекше бұйымдар мен композициялар көпшіліктің қызығушылығын туғызды.

Апталық аясында концерттік бағдарлама қойылды. Он саусағынан өнер тамған аспаздар асхананың ғана емес сахнанның жұлдызы екенін дәлелді. Шара соңында ең үздік қабырға газеттерін әзірлеген және кешке белсене қатысып, алғырлығымен, шығармашылығымен көзге түскен студенттер марапатталды.

Жұмысшы мамандықтар жылына орай ұйымдастырылған апталық алдағы уақытта да жалғасын табады. Бұл студенттердің теориялық кезеңде алған білімін тәжірибеде шыңдап, мамандықтың қыр-сырын меңгеруге үлкен жол ашатыны сөзсіз.