#qyzylordatv

Мемлекет басшысы алдағы жоспарларды уақытылы және сапалы іске асыру, инвестициялық климатты жақсарту және бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. Президенттің Сыр өңіріне сапарынан соң облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті.

«Мемлекет басшысының жоғары бағасы бірлесіп атқарған жұмысымызға, елдің бекем бірлігіне берілді. Жүктелген міндеттер ауқымды, сондықтан жұмыс қарқынын бұрынғыдан да күшейтуіміз керек», – деді аймақ басшысы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысып оң бағасын берді. Естеріңізге салсақ, Президент сапары «Қорқыт ата» халықаралық әуежайының жаңа терминалын аралаудан басталды. Өнер орталығында Нұрлыбек Нәлібаев облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысы, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар, облыс орталығы мен елді мекендерді абаттандыру жөнінде есеп берді. Осы орталықта өңір жұртшылығымен кездескен Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтың жоғары даму қарқынына тоқталып, алдағы уақытта да ауқымды жұмыс атқарылатынын айтты. Мемлекет басшысы «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясын, «Қызылорда-нан» цехын, жылу-электр орталығын, 11 мың орындық жаңа стадионды, үстел теннисі орталығын, тарихи-өлкетану музейін көріп шықты.

Аймақ басшысы мәжілісте Президент сапарын жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарға және облыстық басқармалар мен мекемелер қызметкерлеріне алғыс білдірді.