#qyzylordatv
«Адам өмірін ажалдан арашалау – абыройлы міндет, жүректің қалауы». Бұл қызылордалық өрт сөндіруші Қуаныш Жаңабаевтың өмірлік қағидасы. Ол соңғы рет отқа оранған үйден балаларды алып шығып, өз басын қатерге тікті. Оның ерлігі елеусіз қалған жоқ, мемлекет басшысының жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Қызметіне адал құтқарушы туралы тілші бейнематериалында толығырақ.
Қуанышбек Жаңабаевтың әр жұмыс күні осылай басталады. Ең алдымен өрт сөндіру техникаларын қабылдап, кезекшілікке түскен қарауылдың дайындығын тексереді. Ол өрт сөндіруші болуды бала кезінен армандаған. Қазір азаматтық қорғау саласының білікті маманы.
Қуанышбек Әмитұлы жұмыс барысында талай рет қауіп-қатармен бетпе-бет келді. Соңғы рет қаладағы көпқабатты үйлердің бірінде өрт шыққан уақытта оқиға орнына бірінші болып жетіп, тұрғындарды қауіпсіз жерге шығарған. Сондай-ақ, жалын мен қою түтінге қарамастан пәтерде қалып қойған екі баланы құтқарып қалды. Өжет өрт сөндіруші республика күні қарсаңында мемлекет басшысының жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен наградталды.
«Ол табиғатынан салмақты, сабырлы»,-дейді әріптестері. Қиын сәтте көмек беретін адал дос. Өзінен кейінгілерге білгенін үйретіп, жол көрсетіп жүретін нағыз өз ісінің маманы. Ұжымдастары Қуанышбек Жаңабаевты осы қасиеттері үшін ерекше сыйлайды.
Қуанышбек Жаңабаев 2008 жылы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне жұмысқа орналасты. Содан бері табан аудармай осында қызмет етіп, бөлім бастығы қызметіне дейін көтерілді.
Қызметіне адал құтқарушы «ерлік жасадым» деп бір сәтке масаттанған емес. Өрт сөндіруші үшін ең маңыздысы – кез келген төтенше жағдайда адамдарды аман алып қалу.