#qyzylordatv

Қазалы ауданында Абай Құнанбаевтың 180 және ақын атындағы ауылдың 85 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. «Адамзаттың Абайы атындағы ауыл» атты жиында елді мекеннің тарихы, өткені мен бүгіні туралы сөз қозғалып, түрлі бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылды. Ауылдың дамуына үлес қосып жүрген азаматтар аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

 Дарияның жағасында, жасыл желек арасында орналасқан Абай ауылының тамыры терең, тарихы кенен. Елді мекен ең алғаш 1928 жылы «Қызыл Ту» артелі болып құрылған. Ол кезде артелдің меншігінде 100 бас қой, 4 өгіз, 1 ат, 37 түйе ғана болған еді. Бертін келе халық саны өсіп, мал басы артып, ауылдың аумағы кеңейді. «Жаппай колхоздастыру» кезінде яғни 1940 жылы Бостандық, Бектау, Жақсылық сияқты майда колхоздар бірігіп, Абай атындағы колхоз құрылды. Бұл уақытта ауылдағы қожалық саны 130-ға жетіп, тұрғындардың тұрмысы түзеле бастады. Жеті жылдық мектеп ашылып, балалардың білім алуына жағдай жасалды.

ТЫНЫШТЫҚБАЙ МҮБӘРАКОВ, МЕДИЦИНА САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ \жетіжылдық мектепті бітіріп, Қазалы ауданына барып Молтов атындағы мектепті бітіріп, дәрігер болып ауылға қайтып келдік...\

Бүгінде ақын атындағы ауылдың ажары айшықты, келбеті келісті. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында амбулатория пайдалануға берілсе, былтыр елді мекен көгілдір отынға қосылып, халықтың қуанышы артты. Жол жөндеу, жарықтандыру жұмыстары да кезең кезеңімен жүзеге асырылуда.

 Бірлігі жарасқан, тірлігі өрге басқан ауылдың мерейтойы арнаумен басталды. Еліміздің әр өңірінен келген қонақтар ауылдың тынысымен танысып, туған жерге деген сағыныш сезімін басты. Шара ауылдық клубта «Адамзаттың Абайы атындағы ауыл» атты танымдық конференцияға жалғасты. Жиында зерттеуші ғалымдар баяндама жасап, ауылдың тарихына, өткені мен бүгініне тоқталды. Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойымен қатар келген жиынға аудан әкімі қатысып, игі лебізін жеткізді.

 Салтанатты шарада ауылдың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан еңбек ардагерлерімен түрлі сала қызметкерлері марапатталды.

 Мерейтойлық жиында ұлттық спорт түрлері ұлықталды. Балуандар боз кілемде белдессе, білекті жігіттер қол күрестіріп, гір тасын көтерді. Ал, шашасына шаң жұқпаған шабандоздар ауыл іргесіндегі атшабарда атой салып, той көрігін кірзді. Аламанда топ бастаған жүйріктер қаржылай сыйлықпен марапатталды.