#qyzylordatv

Биыл әнші-композитор, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Алтын Бекенова алпыс жасқа толды. Осыған орай облыс орталығында «Сыр – Алаштың анасы» атты облыстық әншілер байқауы өтті.

 Сырдан шыққан белгілі сазгер, талантты композитордың шығармашылығын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған өнер бәйгесінде қала мен барлық ауданнан іріктелген 13 талапкер бақ сынады. Олар алғашқы кезеңде Алтын Бекенованың, ал екінші кезеңде еркін тақырыпта ән орындады. Әрине, талапкерлерге қойылатын талап жоғары. Себебі, автордың алдында ән салу оңай емес.

  Қатысушыларға Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Тайманов, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Бағдагүл Есмұрзаева мен композитор Сәбит Ұлықпанұлы сынды өнер майталмандары қазылық жасады.

Облыстық сайысқа қатысқан он үш талапкердің де осалы жоқ. Бәрі де республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары. Солардың бірі – Наргиз Ерлан. Қармақшылық өнерпаз алғашқы кезеңде Алтын Бекенованың «Сені күттім» әнін орындап, тыңдарман қауымның көңілін бір серпілтіп тастады.

 Сонымен, байқау қорытындысы бойынша үшінші орын Жалағаш ауданынан келген Пазыл Орнықхан мен Арал ауданының жас өнерпазы Дәулет Қуантқановқа бұйырса, шиелілік Бекарыс Бауыржанұлы екінші, Қармақшы ауданынан келген қатысушы Ерлан Наргиз бірінші орынға ие болды. Ал, Қазалы ауданынан келген Рахымжан Мақсатбаев «Сыр – Алаштың анасы» атты облыстық әншілер байқауының бас жүлдесін жеңіп алды. Өнер иесінің 60 жылдық мерейтойы «Өнер сүйген қызыңмын» атты шығармашылық кешке жалғасты.