#qyzylordatv

Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында “Әйел” драмасының премьерасы өтті. Жаны нәзік, болмысы бөлек нәзік жандар туралы қойылымның өз ерекшелігі бар. Бұл туралы тілшіміз тарқатады.

 Спектакль сұлулық пен нәзіктікке толы көріністен басталды. Әдемі ән мен сұлу бейне сан жанарды бірден-ақ жаулап алды. Бір қызығы әйел туралы ерекше қойылымның көрермені де – тек қыз-келіншектер. Алғашында баладай аңғал, жаны тап-таза бойжеткен алып-ұшқан сезімі туралы айтқанда сахна да ерекше құлпырып кеткендей болды. Дегенмен қойылымда 10 актриса бір-біріне ұқсамайтын 10 түрлі тағдыр иесін сомдады.

АҚБОТА ЕСМҰХАМБЕТОВА, АКТРИСА

 Біз бұл спектакльге 2 шамасында дайындалдық. Мен бұл жерде жас қыздың, енді ғана өмірге қадам басып жатқан әлі жүрегі бүлінбеген, өмірдің тұзды, ащы дәмдерін көрмеген алып-ұшып жүрген көбелектей рөлдемін. Жалпы спектакльден мен әйелдің өмірінің қаншалықты қиын болғанына қарамастан оның соншалқты мықты, қайсар және өзінің әдемлігіне сай ерекше ғұмыр кешетінін түсіндім деп айтсам болады.

 «Әйел» драмасы – Қанат Архабаев пен Айғаным Құрмашеваның жаңа туындысы. Бұл қойылымнан көңілі көктемдей бойжеткенді де, әкесіз өскен қыздың арманын да, өз ортасында бақытты келінді де, күйеуіне қадірсіз келіншекті де, ерін дер кезінде бағалай алмаған әйелді де көре аласыз. Режиссердің айтуынша, мұндағы әр монолог өмірден алынған, шынайы оқиғаға негізделген.

ҚАНАТ АРХАБАЕВ, РЕЖИССЕР, АКТЕР

Біз енді әлеуметтік желілерде отырамыз. Сонда байқағаным, әйелдердің мұңы, зары, ішкі айқайы кей кездері көбейіп кетті өте. Соны көре отыра, біз енді анадан туғаннан кейін, аналарды құрметтегеннен кейін әйелдің нәзік жанын біле тұра неге жасамасқа, неге айтылмайтын сырларды ашпасқа, көрсетпеске, сіздер жалғыз емессіздер деген ниет болды.Бұл спектакльдің басты ойы – әйел қырық жанды емес, әйелдің бір-ақ жаны бар. Біз соны жеткізгіміз келді халыққа.Және де тек қана әйелдер көретіндей қылдық спектакльді. Өйткені қасында ерімен келсе, жігітімен, баласымен келсе, әйел ашылып, көз жасына ерік бермей, тоқтап та қалуы мүмкін. Сондықтан тек қана әйелдер көріп, әйелдер әйелдерге үн қатты, әйелдер әйелдермен сөйлесті.

 Көрермендер спектакль барысында бірде жас баладай шаттанса, бірде үнсіз қалды. Өйткені әр актриса әр түрлі жағдайды баяндады.

ТАМАША ӘБІЛҚАСЫМОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ

Бүгін Н.Бекежанов атындағы драма театрына келіп, керемет «Әйел» атты спектакльді көрдік. Өте керемет жазылған. Сондай жақсы қойылым болды. Қанат Архабаетың режиссерлығымен дайындалған қойылым екен.Өте қатты ұнады. Енді бұл жерде 10 әйелдің тағдыры, 10 әйелдің өмірі.10 әйелдің күнделікті өмір тіршілігі бейнеленген. Өте керемет қойылым.

ӘЙГЕРІМ СӘДЕНҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ

Бүгін бір керемет кештің, керемет спектакльдің куәсі болдық. Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеген қасиетті тұлға ретінде айтылғанымен, өкіншіке орай сахнадағы қойлымдардағы монологтардың барлығы осы қоғамда болып жатқан нәрселер.Бір күлдік, бір жыладық.Өте үлкен әсермен шықтық. Ең соңғы сахналанған қойлымдар, әдемлік, әппақ әйелдің ары, ажары, әлем сондай деңгейде қалса екен деген үлкен бір тілегім бар.Әлемді тербеген әйелдің үні, қоғамдағы әйелдердің орн биіктей берсін деген тілегім бар.

Бұл ақын өлеңінде айтылғандай «әр таң оған ерекше күліп келген, әр көктемнен ерекше үміттенген» әйелдер туралы туынды. «Әйел» – әйелдердің үнін, сезімін, үміті мен күресін бейнелейтін қойылым. Спектакль әйелдің нәзік әрі ерке бола алатынын, сонымен бірге керек кезінде мықты екенін де көрсетті.