#qyzylordatv

Балалардың шығармашылығын шыңдап, үлкен сахнаға шығуына жол ашатын «Ботақан» облыстық телефестивалі мәресіне жетті. Облыстың ақпарат айнасы «Qyzylorda» телеарнасы ұйымдастырған жобаның жыл өткен сайын ауқымы кеңейіп келеді. Биылғы өнер додасының қалалық, аудандық кезеңінде мыңнан астам бала бақ сынаса, финалға 600 өнерпаз сайдың тасындай іріктеліп шықты. Бүлдіршіндердің шығармашылығын өрістетуге арналған ерекше байқау туралы келесі бейнематериалда.

Тәуелсіздікпен бірге түлеген телеарна 30 жылдың бедерінде өнерлілердің шығармашылығын шыңдайтын көптеген жобаларды жүзеге асырып келеді. Солардың бірі – талай таланттың томағасын сыпырып, үлкен сахналарға шығуына мүмкіндік берген «Ботақан» телефестивалі 2007 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Бүгінде бұл фестивальдің алғашқы қарлығаштары түрлі республикалық, халықаралық байқауларда топ жарып, аймақ абыройын асқақтатып жүр. Соның ішінде Ұлыбританияда өткен «GOLDEN TIME TALENT» жобасына қатысып, көпшіліктің қошеметіне бөленген Құралай Мейрамбекті айрықша атап өткен жөн.

Қатысушылардың бәрі де ерекше дайындықпен келген. Жүздері бал-бұл жайнаған балғындардың бұл үлкен сахнадағы алғашқы қадамы. Мәселен, Ясина Жоламан «Ботақанға» «Кішкентай торғай» әнін алып келіпті. Өнер әлеміне енді ғана қадам басқан балауса қыз тәтті қылығымен көпшіліктің қошеметіне бөленді. Бекжан Ұзақбаев пен Асылжан Миранбекұлы осыған дейін халықаралық және республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды еншілепті. Ал, бұл фестивальге алғаш рет қатысулары.

Телефестиваль биыл 15-ші мәрте шымылдығын түрді. Дәстүрлі байқау осыған дейін тек ән-би, жыр мен терме жанры бойынша ұйымдастырылса, биылғы басты ерекшелік – балалардан құрылған хор ұжымының қосылуы.

Бұл фестивальдің ең кішкентай қатысушылары – «Балапан» балалар хор ұжымы.

Иә, бойында өнер ұшқыны бар бүлдіршіндер осындай додалардан шыңдалып шығады. Сондықтан шәкірті сынға түскенде, жетекшіге де оңай болмасы анық. Қаншама еңбектің нәтижесі көрінер сәтте, баланың толқынысын басып, қолдау беру маңызды.

Биылғы «Ботақанның» тағы бір ерекшелігі би ұжымдарына айрықша басымдық берілген. Фестивальге қатысқан 20-ға жуық би тобының арасында республикалық, халықаралық конкурстардың жеңімпаздары бар.

Телевизиялық жобаға қала, аудан орталықтарынан ғана емес шалғайдағы елді мекендерден де талантты талапкерлер келіп қатысты. Алғаш рет үлкен сахнаға шығып, өнер көрсеткен ұл-қыздардың болашағы жарқын боларына сенім кәміл. Себебі, «Ботақан» шығармашыл жастардың қанатын қатайтып, биік шыңды бағындыруына үлкен мүмкіндік береді.

Фестиваль соңында барлық қатысушыға арнайы диплом мен естелік сыйлықтар табысталды.