Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сырдария ауданындағы Бесарық ауылына барды. Аталған ауыл былтыр ғана «Үлгілі елді мекен» байқауының жеңімпазы атанған еді. Елдің еңсе тіктеуіне «Абай-Дәулет» серіктестігі елеулі үлес қосып келеді.

«Берекелі Бесарық» - аймақтағы алдыңғы қатардағы ауыл. Биыл мұндағы бірқатар әлеуметтік нысан жөндеуден өтіп жатыр. Соның бірі ¬– мәдениет үйі. Нысанды жаңғыртуға аудандық бюджеттен 25 млн. теңге қаражат қаралған. Сонымен қатар осы ғимараттағы кітапхана қайта жабдықталады. Бұдан бөлек, «Бөбек» балабақшасының сыртқы келбетін әрлеу жұмыстары қолға алынбақ. Ал ауылдың орталық алаңын абаттандыру «Абай-Дәулет» серіктестігінің демеушілігімен жүргізілуде. Онда субұрқақ, «Ана бақыты» мүсіні орнатылған. Сондай-ақ, алдағы уақытта мұндағы орталық көшелер жаңартылып, жол салынады. Жарық желілері қайта жаңғыртылады. Аймақ басшысы сапар барысында серіктестіктің күріш алқабына барып, егінжайдың жай-күйімен танысты.