Әлеуметтік тұрақтылық пен еңбек қауіпсіздігі мәселелері талқыланды
#qyzylordatv
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өндірістік ұжымдардағы әлеуметтік тұрақтылық пен еңбек қауіпсіздігі мәселелері талқыланды. Жиында аймақ басшысы жұмысшылардың еңбек құқықтарын сақтау, әл-ауқатын арттыру маңызды міндет екенін атап өтіп, жауапты сала басшыларына мұнай-газ компаниялары мен кәсіпорындардағы әлеуметтік ахуалға тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды.
Мұнан бөлек, өндіріс орындарындағы еңбек жағдайын жақсарту, жұмысшылардың құқықтарын қорғау, жалақыны уақытылы төлеу, өндірістік қауіпсіздік талаптарын сақтау және еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Мұрат Нәлқожаұлы өз кезегінде еңбек шартының сақталуына, жалақының уақытылы берілуіне, қауіпсіздік талаптарына қатысты ешқандай мәселе туындамауы тиіс деді. Айтуынша, адал еңбек лайықты бағаланып, маңдай терімен тапқан табыс уақытылы төленуі қажет.
Сондай-ақ өндірістік нысандардағы өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының орындалуын қадағалау, жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін шараларын күшейту міндеттелді. Экологиялық талаптардың сақталуы да ұдайы бақылауда болуы қажет.