Елімізде мұнай өңдеу көлемі 4,7 пайызға артты
#qyzylordatv
Қазақстанда мұнай өңдеу көлемі 4,7 пайызға артып, жанар-жағармай қоры 1,2 миллион тоннаға жетті. Бұл туралы Президент қабылдауында болған энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты.
Министрдің айтуынша, елімізде жылыту маусымы қалыпты өтіп жатыр. Қатерлі «қызыл аймақтағы» станциялардың саны беске дейін азайған. Жолдау міндеттері аясында министрлік деректерді өңдеу орталықтары мен жасанды интеллектінің сұранысын ескеріп, 2035 жылға дейінгі энергетикалық теңгерімді қайта қарауға кірісті. Ал, жыл соңына дейін газдандыру деңгейі 64,5 пайызға жетіп, көгілдір отын 13,2 миллион адамға қолжетімді болады. Мемлекет басшысы халықты энергиямен және жылумен тұрақты қамтамасыз етуді, жанар-жағармай мен көмір нарығын бақылауды тапсырды.
ЕРЛАН АҚКЕНЖЕНОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ
Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 12 миллион тоннаға дейін арттыру бойынша техникалық экономикалық негіздеме аяқталды. Сондай ақ Атырау облысында жаңа кешенін салу жобалары әзірленуде. 2035 жылға дейінгі еліміздің энергетия теңгерімі жаңартылуда. Жалпы отын-энергетика кешенін жаңғырту және дамыту жұмыстары жоспарға сәйкес жалғасуда.