«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра». Елімізде ұлттық аспапты нақышына келтіріп орындайтындар жетерлік. Ал, шанағынан күмбірлеп күй төгілген сапалы домбыраны жасайтын хас шеберлер аз. Солардың бірі - Сыр өңірінде тұрады. Бүкіл болмысымен ұсталыққа берілген жігіт өнерден де кенде емес. Домбыра шертіп, ән салады. Қарағаштан қазақтың қасиетті аспабын жасап жүрген шебер туралы келесі бейнематериалда.

Домбыра қазақты жаны, қуанышы мен қайғысын бөлісетін, шерін тарқататын құнды дүние. Ұлтымызда қос ішекті аспапқа деген құрмет ерекше. Тіпті, қазақтың үкілі домбырасы әрбір шаңырақтың төрінде ілініп тұрады. Сондықтан бұл аспапты жасау екінің бірінің қолынан келе бермейді.

Ақбүркіт Жауынғаров домбыра жасауға бала күнінен қызығушылық танытқан. Ұсталыққа ебі бар жігіт шеберлерден дәріс алып, музыкалық аспапты жасаудың қыр-сырын меңгерді. 2022 жылы өзінің жеке шеберханасын ашып, кәсібін бастады.

АҚБҮРКІТ ЖАУЫНҒАРОВ – АҒАШ ШЕБЕРІ \Мемлекеттен 1 млн 200 мың теңге грант алып кәсібімді бастап кеттім. Қазіргі таңда қасымда бір жұмысшым бар. Бір домбыра 10-15 күнде шығады. Бірақ біз бір домбыраны ғана жасамаймыз бірден 5-10 домбыраны қатар жасаймыз \

Домбыраның дыбысы күмбірлеп, үнінің таза шығуы қолданылатын ағашқа тікелей байланысты. Шебер сондықтан жергілікті қарағашты пайдаланады. Ол акустикалық материал болып саналады әрі дыбыстың тербелісі мен үніне тікелей әсер етеді екен.

АҚБҮРКІТ ЖАУЫНҒАРОВ – АҒАШ ШЕБЕРІ \Осы қарағашты пайдаланымыз, өзінің узоры мынау. Осыны шанаққа пайдаланамыз. Қолмен жұмыс жасаймызғой енді. Алақанмен сеземіз ағаштың қай жері ой, қай жері тегіс деген сияқты. ....\

Иә, домбыра жасау оңай емес. Ептілікті, шеберлікті, төзімділікті қажет етеді. Сондықтан үнемі ізденісте болу керек. Осы мақсатта еліміздің әр өңіріндегі ұсталар бір-бірімен өзара тәжірибе алмасып тұрады. Мәселен, тараздық шебер Алмас Қызылордаға арнайы келіпті.

АЛМАС ЖАРАСҰЛЫ – АҒАШ ШЕБЕРІ \Домбыраны әркім әрқалай жасайды. Менікі бөлек, бұл кісінікі бөлек мысалы. Бір бірімізге керектісін аламыз. Осыны көрсек, өссек деген мақсатқой. ..\

Шеберлігін ұштай білген шебер өз тәжірибесімен бөлісіп, шәкірт тәрбиелеуді қолға алған. Өнегелі ісін үйреніп, оған қолғабыс жасап жүрген ізбасарлары жетерлік. Ұстамы мықты ұста болашақта цехын үлкейтіп, өнім көлемін арттыруды мақсат етіп отыр. Сондай-ақ өнер орталығын ашып, ұлттық құндылықты ұлықтамақ.