#qyzylordatv
Қазақстан Словакиямен екіжақты және көпжақты серіктестікті тереңдетуге ниетті. Мемлекет басшысы мен словак премьері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Словакияны Қазақстанның Еуропадағы маңызды әрі сенімді серіктесі ретінде атады. Мемлекет басшысы экономикалық әріптестікке баса назар аудару қажет деп санайды. Былтыр тауар айналымы 140 миллион долларды құраған. Қазақстанда Словакияның 30-дан астам компаниясы жұмыс істейді және 22 бірлескен кәсіпорны түрлі секторда қызмет етіп жатыр. Қазақстан Президенті ынтымақтастықты одан әрі әртараптандырудың маңызына тоқталды. Энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы мен логистика, цифрландыру және аса маңызды шикізат материалдары салаларында мол мүмкіндік бар екенін айтты. Словакия Премьер-министрі көрсетілген құрмет үшін алғыс айтып, Қазақстандағы өзгерістерге қызығушылық білдірді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ – ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ // Словакия Еуропа Одағына мүше мемлекеттердің ішінде айтарлықтай белсенді әрі қарқынды дамып келе жатқан елдердің бірі. Бұл жетістік Сіздің Үкімет басшысы ретіндегі көреген көшбасшылығыңызды көрсетеді. Мен саяси диалогтың беки түскенін, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықтың дамуын, сондай-ақ көпжақты форматтағы ықпалдастықтың тиімді іске асырылуын жоғары бағалаймын.//
РОБЕРТ ФИЦО – СЛОВАКИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ //1944-1945 жылдары Словакияны азат етуге қосқан өлшеусіз үлестеріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін. Кеңес әскері сапында Қазақстанның миллионға жуық сарбазы қан майданда шайқасты. Олардың ішінде 60 мыңға тарта жауынгер Словакияны жаудан қорғау үшін жанын пида етті. Сол сұрапыл уақытта Словакияға жасаған жақсылықтарыңызды ешқашан ұмытпаймыз. Сіздің еліңізді дамытуға және Әділетті әрі Өркендеген Қазақстанды құруға бағытталған өршіл бастамаларыңызды асқан қызығушылықпен бақылап отырмыз.//