#qyzylordatv

Биыл 15 мың адамға рақымшылық жасалуы мүмкін. Қанша адам түрмеден бостандыққа шығады? Ал, қаншасының жаза мерзімі қысқарады? Темір торға тоғытылған қанша әйел отбасына оралады? Мәжіліс депутаттары Конституцияның отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заңды қабылдады.

 Жемқорлық, терроризм, экстремизм, азаптау. Осы баптармен сотталғандар рақымшылыққа ілінбейді. Депутат Абзал Құспанның сөзінше, Қазақстанда қазір жемқорлық бойынша 624 адам, терроризм бойынша – 294, экстремизм бойынша – 96, азаптау бабымен 48 адам қамауда отыр. Ал, рақымшылыққа ауыр емес және орташа ауыр қылмыс жасағандар ілінеді.

Сондай-ақ, 11 мың адамның өтелмеген жазасын саралап қысқарту көзделген. Бұдан бөлек, соттарда қаралмаған істерді тоқтату ұсынылды. Осылайша, 2100-ден аса қылмыстық бойынша істі жабу көзделген. Рақымшылық әлеуметтік осал санаттағыларға да жасалады. Әйелдердің де жазасы жеңілдейді.

Жалпы, бұған дейін елімізде сотталғандарға 9 рет рақымшылық жасалған. Қазір 63 түрме мен 16 тергеу изоляторында 40 мыңнан астам адам қамауда. Олардың ішінде 33 мыңы бас бостандығынан айырылғандар. Ал, 7 мыңы тергеу қамауындағы адамдар. Бұдан бөлек, сотталған 27 мыңнан астам адам пробация қызметінің есебінде тұр.