Тоғызқұмалақтан дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы Бексұлтан Бостандықов туған жерге оралды. Алтын медаль иегерін темір жол вокзалынан спортшылар мен туыстары зор қошеметпен күтіп алды.
Тақта үстіндегі тартыста ел құрамасында төрт ойыншы өнер көрсетсе, соның бірі - сырбойылық Бексұлтан Бостандықов. Жекелей сында сегіз ойын өткізіп, барлығында жеңіске жеткен ол алтыннан алқа тағынған болатын. Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте де жеңімпаз атанды. Жалпы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында тоғызқұмалақ сайысына 41 мемлекеттен 114 спортшы қатысты.
Күтіп алу іс-шарасында облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Жанмұрат Сейілов Бексұлтанды жеңісімен құттықтап, облыс әкімінің атынан 1 миллион теңгенің сертификатын табыстады.