#qyzylordatv

Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының егістік алқабында егінжайға келетін судың көлемін есептейтін жаңа жүйе іске қосылды. Толықтай автоматтандырылған заманауи құрылғы суды үнемдеп пайдалануға айтарлықтай септігін тигізеді, дейді мамандар. Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев инновациялық жүйенің жұмысымен танысу үшін егістік басына барды.

 Биыл облысқа егінді суару үшін Сырдариядан 3,2 млрд текше метр су лимиті бөлінді. Бұл былтырғымен салыстырғанда 700 млн текше метрге аз. Сондықтан диқандарға тіршілік нәрін тиімді пайдалану міндеті қойылды. Осы ретте Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары су ресурстарын шығынсыз пайдалану мақсатында өндірістік аймақтағы егістікке «Сайман» су есептеу инновациялық құрылғысын орнатты. Толықтай автоматтандырылған заманауи жүйе алқапқа берілетін судың көлемін және жердің ылғалдылығын есептейді.

 ЕРНАР ЕГІЗБАЕВ – «САЙМАН» ЖШС ИНЖЕНЕРІ

Бұл жерде құрылғының екі түрі жұмыс істейді. Бірі суды ашып-жабу үшін, екіншісі кірген суды және шыққан суды есептеу үшін арналған. Қанша куб су келіп жатыр, шығып жатыр соның барлығы компьютерлік түрде шығып тұрады. Автоматтандырылған жүйе дәл қазір осы егістіктің жеті нүктесіне қойылған. Күн сәулесі арқылы қуат алады.

Президент ауыл шаруашылығы саласын цифрландырып, ғылымға басымдық беру керектігін айтқан болатын. Сонда ғана жоғары өнімге қол жеткізе аламыз. Мұны институт ғалымдары да қолдайды. Қазір мамандар суды үнемді пайдалану жолдарын зерделеп, аталмыш салаға цифрлық платформалар мен жасанды интеллект элементтерін енгізуде. Сондай-ақ, күріштің жаңа сорттарын шығаруға, әртараптандыру дақылдарын селекциялауға, топырақ құнарлылығын арттыруға және жаңа минералдық тыңайтқыштардың тиімділігін анықтауға жұмыс істеп жатыр

Аймақ басшысы институттың тәжірибе алаңында егілген арпа мен бидай және мал азықтық дақылдарын да көрді. Бір ерекшелігі бұл дақылдар күріш сияқты суда тұрмайды. Олар жаңбырлатып және тамшылату арқылы суарылуда. Мұнан бөлек, Мұрат Ергешбаев жүгері, дәнді құмай мен қауын селекциясына қатысты ғылыми тәжірибелермен танысты.

Айта кетейік, институт алдағы уақытта мемлекеттік қолдаудың арқасында жаңа техникалармен жабдықталмақ.