#qyzylordatv
Аймақта жазғы тынығу лагерлері 1 маусымнан өз жұмысын бастайды. Ол үшін дайындық жұмыстары алдын ала зерделеніп, анықталған кемшіліктер 30 мамырға дейін жөнге келтірілуі керек. Жауапты сала басшыларына облыс әкімі осындай тапсырма жүктеді.
Маусым айында Президент паркінің аумағында жыл он екі ай жұмыс істейтін 300 орындық «Ай-Керім» оқу-сауықтыру орталығы жұмысын бастайды. 8400 баланы қамти алатын орталық оқушылар үшін ерекше нысанға айналмақ. Білім басқармасының басшысы оқу жылының қорытындысы және білім алушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелерін баяндады. Биыл оқу жылын аймақтағы 320 мектепте 189 288 оқушы аяқтады. Он мыңнан астам жас түлек мектеппен қоштасып, жаңа өмірге қадам басты. Олардың ішінде 987 оқушы «Алтын белгіге», 1141 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер. 10 мамыр – 10 шілде аралығында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеудің шешуші кезеңіне 9 250 оқушы қатысады.
АСҚАРБЕК ЕСЖАНОВ - ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Демеушілер мен кәсіподақтар есебінен өзге өңірлердегі лагерьлерде 4843 бала демалады ---- бүгінгі күні балаларды қабылдауға соңғы дайындықтар жүруде. 1 маусымда толық қабылдауға дайын болады.
Жауапты сала басшыларына маңызды тапсырмалар жүктеген облыс әкімі аттестат табыстау шарасын өз деңгейінде ұйымдастыру қажет екендігін айтты. Бірінші кезекте жас түлектердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Білім басқармасы полиция департаментімен, құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп, аттестат табыстау шарасында және жазғы каникул кезінде кезекшілік, рейд ұйымдастыруды, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді міндеттеді.
Мұнан соң «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын жалғастыру, стихиялық қоқыс орындарын жою, су тапшылығының алдын алу және су үнемдеу технологияларын тиімді пайдалану мәселелеріне қатысты нақты тапсырмалар берілді. Мәжілісте облыс әкімі «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы Қызылорда магистральдық желі бөлімшесі филиалының директоры қызметін атқарған Ербол Сәулебековті жаңа қызметке ауысуымен құттықтап, оған өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстады.