#qyzylordatv

Бүгін облыс орталығында санитарлық-техникалық бұйымдар шығаратын ірі зауыттың іргетасы қаланды. Сондай-ақ, шыны ыдыс шығаратын өндірістік кәсіпорынның капсула салу рәсімі өтті. Қос нысан жеке инвесторлардың қаржысына салынады.

 Санитарлық-техникалық бұйымдар шығаратын ірі зауыт инвестор есебінен салынатын өңірдегі ең ауқымды жобалардың бірі. Өндірістік кәсіпорынды салуға италиялық «Roca Group» компаниясы 44 млрд.теңге қаржы жұмсамақ. Жоспар бойынша бұл нысан екі жылда толық пайдалануға беріледі. Бүгін өңір экономикасы үшін аса маңызды нысанның капсуласы салтанатты түрде орнатылды.

МҰРАТ ЕРГЕШБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ

Жобаның құрылысы екі жылға жоспарланған. Бірақ оған қарамастан сантехникалық бұйымдарды жинауды биылдан бастайды. Оған да қосымша біз ғимараттармен келісім бар, кәсіпкерлермен бірлесіп, биыл жұмысын бастап кетеді. Еліміз үшін өте қомақты жобаның бірі. Себебі, бір мезетте 150 адам жұмыспен қамтылады. Одан бөлек бизнестің айналасындағы қосалқы бизнестің дамуына да үлесін қосады.

 Жылына 500 мыңға жуық сантехникалық өнім шығаруға қауқарлы зауыт іске қосылғанда, жергілікті тұрғындар үшін 300-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Жалпы, «Roca Group» компаниясы сантехникалық жабдықтар өндіру саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі. Жүз жылдан астам тарихы бар компания әлем бойынша 78 өндірістік алаңды басқарады. Онда 20 мыңнан астам адам еңбек етуде. Өнімдері 170-тен астам елге экспортталады. Енді, әлемдік бренд Сыр елі арқылы нарықтағы ауқымын кеңейтуді көздейді.

ДАНИЭЛЬ ЭРНАНДЕС – «ROCA GROUP» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ

Бұл өңірді таңдаған себебіміз, өзге елдерге экспорттауға қолайлы болып саналады. Қызылорда арқылы Орталық Азия мен Кавказ нарығына шығаруды көздеп отырмыз. Тағы бір тұсы. Мұнда жастар көп. Біз оларды түрлі лауазымға жұмысқа тартуды жоспарлап отырмыз. Сондықтан, жұмысшыларды тәжірибеден өткізіп, арнайы оқытуды бастаймыз.