#qyzylordatv

Сыр өңіріне арнайы келген Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұжымы қазалылық көрерменге концерттік бағдарламасын ұсынды.

Ұлт мәдениеті мен руханиятының өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген шығармашылық ұжым қасиетті Қазалыға «халық әуені» жобасы аясында келіп отыр. Ұлттық және классикалық туындыларды дәріптеп жүрген өнер ұжымына алдымен Халық қаһарманы Роза Бағланованың портреті мен аудан әкімінің алғыс хаты табысталды.

Мюзикл кеші көңілді басталды. Өнерлі ұжым музыка, хореографиялық би, актерлік шеберлік, акробатика секілді сан алуан өнерді бір арнаға тоғыстырып, көрермендерді таңғалдыра түсті.

«Astana Musical» мемлекеттік театр құрамында 30-ға жуық әртіс өнер көрсетеді. Ұжымның репертуарында ұлттық халық әндерінен бастап, шетелдің озық шығармалары кеңінен көрініс тапқан. Талантты өнерпаздар солардың біразын көрерменге сахналап, өнерін паш етті. Әлемге әйгілі комик, актер Мистр Бин қойылымы көрерменнің көңілін көтерді.

Концерттен ерекше әсер алған аудан тұрғындары ризашылықтарын жасырмады.

Бір сөзбен айтқанда, «Халық әуені» жобасы қазалылықтар үшін нағыз өнер мерекесіне айналды. Мәдениет көкжиегін кеңейтіп, шалғайдағы ауылдарға өзгеше өнердің шырағын ала келген бұл жоба қалың көрерменнің рухани сусындауына жол ашқан игі бастама болды.