#qyzylordatv

Бүгін облыс орталығында санитарлық-техникалық бұйымдар шығаратын ірі зауыттың іргетасы қаланды. Сондай-ақ, шыны ыдыс шығаратын өндірістік кәсіпорынның капсула салу рәсімі өтті. Қос нысан жеке инвесторлардың қаржысына салынады.

Санитарлық-техникалық бұйымдар шығаратын ірі зауыт инвестор есебінен салынатын өңірдегі ең ауқымды жобалардың бірі. Өндірістік кәсіпорынды салуға италиялық «Roca Group» компаниясы 44 млрд.теңге қаржы жұмсамақ. Жоспар бойынша бұл нысан екі жылда толық пайдалануға беріледі. Бүгін өңір экономикасы үшін аса маңызды нысанның капсуласы салтанатты түрде орнатылды.

Жылына 500 мыңға жуық сантехникалық өнім шығаруға қауқарлы зауыт іске қосылғанда, жергілікті тұрғындар үшін 300-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Жалпы, «Roca Group» компаниясы сантехникалық жабдықтар өндіру саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі. Жүз жылдан астам тарихы бар компания әлем бойынша 78 өндірістік алаңды басқарады. Онда 20 мыңнан астам адам еңбек етуде. Өнімдері 170-тен астам елге экспортталады. Енді, әлемдік бренд Сыр елі арқылы нарықтағы ауқымын кеңейтуді көздейді.

ШЫНЫ ЫДЫСТАРЫН ШЫҒАРУ ЗАУЫТЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Сондай-ақ, бүгін шыны ыдыстарын шығару зауытының іргетасы қаланды. Өндірістік кәсіпорынның құрылысына «Севен Риверс Технолоджис» компаниясы 60 млрд.теңге қаржы бөлген. Шыны қалдықтарын қайта өңдеп жылына 240 млн.дана бөтелке шығаратын зауыттың құрылысы 2028 жылы аяқталады.

Ал, инвесторлық жобаларға облыстық прокуратура құқықтық көмек көрсетіп келеді.

Айта кетейік, аймағымызда алдағы 3 жылда 1,9 трлн. теңгеге 48 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Нәтижесінде 10 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.