Жалағаш ауданында халықаралық қарттар күні аталып өтті. Салатанатты іс-шарада қарияларға лайықты сый-құрмет көрсетілді.

 Жалағаш ауданында бүгінгі таңда 4 мыңнан аса ардагер бар.Аудан әкімі Ардақ Ибраимов қазыналы қарттарды төл мерекесімен құттықтады.

 АРДАҚ ИБРАИМОВ – АУДАН ӘКІМІ //«Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол» деп өсиет еткен қазақ қашанда қарттарын қадірлеген ұлт. Осы ретте сіздерді мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Аға буынның тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуына, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, бірлік пен татулықты, бейбітшілікті нығайтуға қосқан үлесін ерекше атап өткім келеді. Өскелең ұрпақ үшін Сіздер борышқа адалдықтың, Отанға деген сүйіспеншіліктің, жеңіске деген өшпес ерік-жігердің үлгісісіздер! Барлық уақытта адамзат үшін қарттардың даналығы жастар үшін баға жетпес байлық болып табылады. Құрылғанына 85 жыл толып отырған ауданымыздың тарихында Сіздердің еңбек жолдарыңыз, қосқан үлестеріңіз алтын әріппен жазылып, кейінгі ұрпаққа жетіп отыр. Уақыт өтсе де ардақты ағалардың өнегелі де өрелі істері ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бермек.

Марапатталған қариялардың қатарында су шаруашылығы саласының ардагері Оспан Жанұзақ пен ауыл шаруашылығы саласының ардагері Қосым Жүсіпбекұлы бар. Қос қарияға төл мереке қарсаңында «Қызылорда облысының Құрметті ардагері» медалі табысталды. Сондай-ақ, Өміртай Кемелов, Ұлшара Салықбаева және Күлдәрай Пірімжановаға «Жалағаш ауданының Құрметті ардагері» төсбелгісі берілді.

 Жалағаштың қариялары қашанда белсенді. Сондықтан төл мерекесіне де асқан ұйымшылдықпен дайындалыпты. Күз айы басталысымен-ақ қарттар арасында спорттық сайыстар мен түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылды. Міне, осы іс-шараларда оза шапқандары қорытынды шараға арнайы шақырту алған.

 Сахна төрінде әуелете ән салып, күмбірлете күй шерткен де қарттар қауымы. Солардың бірі – қоғамдық өмірде белсенді кейуана Ұлжахан Тәжібаева. Ол халық әні «Бір баланы» ерекше сарында орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді.

 Дария кеуде, тау мүсін қарияларға қандай құрмет көрсетілсе де көптік етпейді. Өмірден жиған тәжірибелерімен бөлісіп, кейінгі ұрпаққа ақыл-кеңестерін айта жүретін қариялардың ісі, ғибратты ғұмыры біздер үшін өнеге.