Облыс орталығында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Жұмыс іздеп жүрген қала тұрғындарына қолдау көрсетіліп, қалаған кәсіптерімен айналысуға мүмкіндік туды.

Жәрмеңкеде жұмыс берушілер тарапынан 135 бос орын ұсынылды. Оның ішінде электрик, ауыр жүк көлігінің жүргізушісі, есепші, тігінші секілді мамандарға сұраныс жоғары болды.

НАЗЕРКЕ ЖӘМИ – СЕРІКТЕСТІК ӨКІЛІ

Біздің компаниямызға асхана қызметшілері, наубайшы, қасапшылар керек он шақты. Соларды іздеп осы жәрмеңкеге келдік. Адамдар келіп қарап жатыр.

ОЛЖАС ШАМШАДИН – «МАНСАП» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ

Осы кезге дейін 12 жәрмеңке өткізілді. Бұл жерде жұмыс беруші мекемелер бос жұмыс іздеп жүрген адамдармен тікелей сұхбаттасу арқылы бос жұмыс орындарын таба алады. Қазір, Қызылорда қаласында құрылыс саласы қарқынды дамып жатыр. Сол себепті, құрылысшылар көптеп сұратылады. Осы жәрмеңкеде де құрылысшыларға сұраныс өте жоғары. Айына кеміне бір рет ұйымдастырылып тұрады. Қалған екі айда да бір-бір реттен ұйымдастырылады.

Бұл шараға үлкен үмітпен келгендердің бірі қала тұрғыны Дәулет Аяғанов. Оның жолы болып, «Жасыл Қызылорда» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне жолдама алды.

ДӘУЛЕТ АЯҒАНОВ – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ

Кезінде жұмыс істегенмін шопыр болып та, күзетте де істедім. Жасыл Қызылорда мекемесіне жолдама алып отырмын. Құдай қаласа ертеңнен бастап барып жұмыс істесем деп ойлап отырмын. Халықтың көбісі жұмыста жоқ қой, үйінде отыр. Осындай жәрмеңке болып тұрса жақсы болар еді.

 Жұмыс іздеп келгендердің арасында алимент төлейтіндер де бар.

ЖАНДОС АБСАТ – ОБЛЫСТЫҚ ӘДІЛЕТ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ

Алимент төлемей жүрген борышкерлерді осында әкеліп жұмыстар ұсынып, нәтижесінде мамандықтары бойынша жұмысқа тұрған жағдайда сот орындаушылар борышкерлердің айлық жалақысынан алимент өндіретін болады. Жергілікті атқарушы органдармен, прокуратура, әділет органдары, сот орындаушылармен бірігіп ай сайын осындай шаралар ұйымдастырылып жатыр. Алдағы уақытта да бұл іс-шаралар бірлесіп жалғасын табады деп ойлаймыз.

 Жалпы жыл басында қалада 7167 адам жұмыссыз ретінде есепке алынса, бүгінге дейін соның бес жарым мыңдайы еңбекпен қамтылған.