#qyzylordatv
Қызылордада республикалық тоспа доп турнирі өтіп жатыр. Байрақты бәсеке ардагер спортшы, ұлағатты ұстаз Тұрғанбек Алтынбековты еске алуға арналды.
Тұрғанбек Ержанұлы – Сыр волейболының дамуына айрықша үлес қосқан. Аймақта «Ақмаржан» волейбол командасын құрып, өңір спортшыларын Ұлттық лигаға шығарған білікті бапкер. Ал, өңірдегі бірнеше спорт мектебінің директоры болған шақта талай жастың шеберлігін шыңдап, кәсіби спортқа жол ашып берді. Облыстық волейбол федерациясының президенті лауазымын да абыроймен атқарды. Міне, бүгінде спорт ардагерінің есімі ұлықталып, екінші жыл қатарынан еске алу турнирі ұйымдастырылып келеді.
ЖАҢАБЕК АЛТЫНБЕКОВ – Т. АЛТЫНБЕКОВТЫҢ ІНІСІ //Волейболға өте әуес болды. Спортшы ретінде облыс құрамасында ойнады. Қызылордада бірінші болып спорт шеберлігін орындады. Бапкер болып та біраз жұмыстар атқарды. Волейбол десе ішкен асын жерге қоятын. Тіпті, мұғалімдікті тастап, осы спортқа келді. Турнирді ұйымдастырушыларға алғыс айтамын//
БАҚЫТБЕК КЕҢЕСОВ – ОБЛЫСТЫҚ ВОЛЕЙБОЛ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ //Ұстазымыздың атына осындай турнирлер ұйымдастырудың маңызы зор. Өйткені, осы жарыс арқылы жастар ағамыздың өмір жолымен танысады, спортқа бейімделеді. Қатысып жатқан ойыншылардың да деңгейі жоғары екен. Алдағы уақытта, дәстүрге айналады деп ойлаймын//
Еске алу турнирінде 2007 мен 2010 жылдар аралығында туған жас спортшылар бақ сынап жатыр. Ерекшелігі сол, Сырдағы сайысқа биыл алғаш рет көршілес Түркістан облысының командалары қатысуда.
ЖӘМШИТ ӘЛІМЖАНОВ – ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ //Түркістан облысы, Сайрам ауданынан келдік. Команда өзбек балдардан құралған. Былтыр Көшербаев турнирінің жеңімпазы болдық. Бұған дейін мықты-мықты турнирлерде жеңіске жетіп келе жатырмыз. Бұл турнирдеде де жеңіске жетеміз//
Тілші: қазір 14 команда өзара шеберлік байқасуда. Ал, республикалық турнирдің жеңімпазы мен жүлдегерлері ертең белгілі болмақ.