#qyzylordatv
Журналистер жұлдызға айналған кеш. Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Қызылордада «Екі жұлдыз» ән-шоу байқауы өтті. Ерекше форматтағы кешке облыстық ассамблея жанындағы журналистер клубы ұйытқы болған. Өнері озық әріптестеріміз бақ сынаған салмақты сайыс турасында тілшіміз тарқатады.
Журналист – әмбебап маман. Тілшілер түрлі саланың түйіткілін түрте жүріп, танымын кеңейтеді. Оның ішінде сахнаға шығып ән айту қалам ұстаған қауым үшін аса жат емес. Сол бойдағы буырқанған өнерді көрсетуге осы кеште мүмкіндік молынан туды. Ән-шоу бағытындағы байқауда жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен құралған 5 жұп бақ сынады. Олардың қатарында «Qyzylorda» телеарнасының майталман мамандары Дәулетхан Ақайдаров пен Әйгерім Нажмадинқызы және Талант Айымбетов пен Аружан Саруарбек жұбы бар.
Сонымен, телеарна микрофонын сахна үнтаяғына алмастырған әріптестеріміз алғашқы кезеңде еліміздегі түрлі этнос өкілдерінің татулығын танытқан туындыларды орындады. Ән шырқамас бұрын арнайы бейнеролик арқылы шығарма мазмұнын таныстырулары шарт. Мұндағы сахналық қойылым, ән әуезділігі, әртістік қабілет секілді талаптар әділ қазылар назарында болды.
Әріптесіміз айтса, айтқандай-ақ екен. Байқаудың екінші кезеңінде дәл осы жұптың өнері ерекше болды. Заманауи бағыттағы «Айыптама» әніне сахналық қойылым ұштаса кеткен. Қызылордада тау жоқ. Дегенмен әріптесіміз Талант Айымбетов пен Аружан Саруарбек Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнін орындағанда Қаратау жоталарына сапар шеккендей болдық. Ал, Дәулетхан Ақайдаров пен Әйгерім Нажмадинқызы қазіргі қоғам шындығын әнмен әрленген шағын қойылым арқылы шебер жеткізді.
Байқауға қатысушылар ерекше өнер көрсетті. Дегенмен, сайыс болған жерде барлық жұп оза шаппасы белгілі. Қазылар алқасының шешімімен жүлделі екінші орынды Дәулетхан Ақайдаров пен Әйгерім Нажмадинқызы жұбы иеленсе, бірінші орын қос сері Абзал Жолтерек пен Қуаныш Мұстафаевқа бұйырды. Ал, екі кезең бойы мазмұнды өнер көрсеткен әріптесіміз Талант Айымбетов пен Аружан Саруарбек «Екі жұлдыз» ән-шоу байқауының бас жүлдесін жеңіп алды.
Осылайша, өнерлі әріптестеріміз кәсіби мереке қарсаңында «Достық үйін» дүбірге бөледі. Айта кетерлігі, тілшілердің талабын танытқан байқау биыл алғаш рет ұйымдастырылып отыр.