#qyzylordatv
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев облыстың дамуына айрықша үлес қосқан Серікбай Қошқаров пен Сағындық Шәмшиевті қабылдап, құрмет көрсетті. Серікбай Иманбайұлы саналы ғұмырын білім мен ғылым саласына арнаған белгілі ұстаз. Ал, Сағындық Шәмшіұлы 5000-нан аса ота жасаған алтын қолды дәрігер. Мерейтой иелері биыл 80 жылдық белесті бағындырып отыр.
Серікбай Қошқаров еңбек жолын Тасбөгеттегі 29-ПМК-да мастерлік қызметтен бастаған. Кейін Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтында жемісті жұмыс атқарды. Ал, 1978 жылдан Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде ұстаздық етті. Ол инженерлік тәжірибе, ғылыми зерттеу мен ұстаздық қызметті қатар ұштастыра білген санаулы тұлғалардың бірі. Білім саласының дамуына, оның ішінде, маңызды жер мен суды тиімді пайдалану жолдары мен әдістерін зерделеген арда азаматқа Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасы табысталды.
НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ //// Сіздің бүкіл саналы ғұмырыңыз бен ұлағатты жолыңыз ғылым мен білімге, жас ұрпақтың тәрбиесіне бағытталды. Аймағымыздың суармалы жерлерін тиімді пайдалану, экологиялық жағдайды жақсарту, үнемді суару технологияларын өндіріске енгізу бағытында Сіздің ғылыми-зерттеулеріңіздің маңызы зор. 100-ден астам ғылыми еңбек, бірнеше монография мен оқулықтар терең ізденістеріңіздің айғағы.
Жиында жарты ғасырдан аса ғұмырын медицина саласына арнаған Сағындық Шәмшіұлына да дәл осындай құрмет көрсетілді. Ол еңбек жолын Қызылорда қалалық ауруханасында дәрігер-хирург болып бастаған. Алтын қолды дәрігер мықты менеждер ретінде де ел құрметіне бөленді. Әсіресе, жедел жәрдем қызметін жақсарту, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру бағытында орасан жұмыс атқарды.
САҒЫНДЫҚ ШӘМШІҰЛЫ – МЕДИЦИНА САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ /// ауырған адамға сая болу, онымен тіл табысу, оның сеніміне кіру басты міндет. Бірінші дәріден бұрын, дәрігердің сөзі жүруі керек. Ал енді осы қалаға келетін болсақ, мен бұл қала менің туған қалам. Мен оны еш жерге айырбастамаймын.