#qyzylordatv

 Отбасы – тәрбие мен мейірімнің, сыйластық пен сенімнің алтын ұясы. Осы құндылықтарды дәріптеу мақсатында Қызылордада ерекше мазмұндағы отбасылық квест өтті. «Анаға тағзым» орталығы ұйымдастырған «Алтын ұя» атты зияткерлік сайыс қатысушыларды жаңа форматтағы ізденіс пен бірлікке үндеді.

 Сайыс Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Білім бәйгесіне облыс көлемінен 10 отбасы қатысып, өзара сынға түсті. Олар жаңадан бой көтерген нысандарда жасырылған сұрақтарға жауап беріп, зияткерлік қабілетін шыңдады.

 ЖАНАР САҒЫНДЫҚОВА - «АНАҒА ТАҒЗЫМ» ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Бұл отбасылық квест былтырғы жылы «Ойтөбе» деген атаумен өткен болатын. Музей, теннис орталығы, Сыр жұлдыздары орталығына яғни қаламызда жаңадан пайдалануға берілген орталықтарға барамыз. Біржағы отбасыларымыз жаңа нысандармен таныса отырып, олардың бағыттарында білетін болады. QR-лар жасырылған. Танымдық сұрақтарға жауап береді. Сұрақтардың аясы Сыр елінің жетістіктері жайында, тарихымызға қатысты логикалық сұрақтар.

АЙБОЛ ҚОЗЫБАҚОВ – САЙЫСҚА ҚАТЫСУШЫ

Қасиетті Қармақшы ауданынан қатысуға келдік. Бірнеше локацияларда іс-шаралар өтеді. Соған белсенді қатасып, үлесімізді қосамыз.

НАЗИРА АЛМАС –ТІЛШІ

Әр отбасының өзіндік тарихы бар. Бірақ қатысушылар жарыс аясында Сыр елінің шежіресін ақтарып, өткенге саяхат жасамақ. Себебі квесттің алғашқы кілті – дәл осы музей төрінде жасырылған. Сайыс ұшқыр ой мен қырағылықты талап етеді. Алайда ең бастысы – бұл сапар отбасылардың бірлігін бекемдей түспек.

 Қатысушылар мұражайда тарихи және логикалық сұрақтарға жауап берді. Тыңғылықты дайындықпен келгендердің қатарында – Әлиевтер жанұясы да бар.

 ЖАНАТ ЖҮСІПБЕКОВА – САЙЫСҚА ҚАТЫСУШЫ

Күйеуім жекекәсіпкер, өзім үйде балалардың біліміне көңіл бөліп, бала шаруасымен үйдемін. Екі баламмен қатысып жатырмын. Өте қызыты болып жатыр. Отбасы құндылықтарын бәрін біліп жатырмыз. Осындай жаңадан ашылған локациялармен танысып жатырмыз. Қызылордамыз көркейіп, әдемі болып келе жатыр.

 Квесттің келесі кезеңі Теннис орталығында жалғасты.

 АЙҚАРАКӨЗ ҚАШҚЫНБАЕВА – ҚАТЫСУШЫ

Өте жақсы. Қызықты болып жатыр. Сұрақтар да қиын болғанымен әрбір қызылордалық білу керек деп ойлаймын.

 Осылайша, зияткерлік ойында бас жүлдені Қашқынбаевтар отбасы жеңіп алды. Сондай-ақ, барлық отбасы алғыс хат және естелік сыйлықтармен марапатталды.