#qyzylordatv

Жыл басынан бері қоғамдық тамақтану орындарында қорқор шеккен 106 қала тұрғынына әкімшілік хаттама толтырылды. Оларға салынған айыппұл көлемі 4 миллион 688 мың теңге. Кальян шегуге заңмен тиым салынса да ережеге бағынбайтындар көп. Осыған байланысты арнайы мобильдік топ құрылып, рейдтік іс-шара ұйымдастырды.

 Қоғамдық орындарда қорқор тартуға тыйым салуды көздеген қаулы 2013 жылдың 14 наурызынан бастап күшіне енген. Талапқа бағынбағандарға 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Ал, тұтынушыларға кальян ұсынған кәсіп иелері 20-дан 60 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл арқалайды. Бір сөзбен айтқанда, тыйым бар.Алайда талап сақталмайды.

ЕРДӘУЛЕТ ЖӘУКЕЕВ — ОПД ЖПҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ // Халық денсаулығы туралы Қазақстан Республикасы кодексінің 110-бабына сәйкес қоғамдық тамақтану орындарында, яғни кафе-барлар мен мейрамханаларда және ойын-сауық орындарында кальян шегу заңмен тиым салынған. Қоғамдық тамақтану орындарында тұтынушыларға кальян ұсынғандары үшін 57 кәсіпкерге қатысты ҚР әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 425-бабындпа көзделген әкімшілік шараларды қолдану үшін Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне ұсыныстар келтірілді.

Мобильдік топ рейд барысында қаладағы дәмханалар мен лаундж-барларды аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Рейд барысында тамақтану орындарында қорқор шеккен тұрғындар кезікті. Заң талаптарын бұзған 4 азаматқа хаттама толтырылып, әкімшілік айыппұл салынды. Рейд кезінде беймезгіл уақытта көшеде жүрген жасөспірімдер де анықталды. Оларға қатысты әкімшілік хаттама рәсімделді. Айта кету керек, қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатындағы мұндай рейдтік іс-шаралар алдағы уақытта да ұйымдастырылмақ.