#qyzylordatv #жаңалықтар #қызылорда #news #теннис #қаламгер
Үстел теннисінен «Абзал және К» толық серіктестігінің жүлдесіне арналған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында облыстық турнир өтті.
Үстел теннисі турнирі журналистер арасында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Қалам ұстаған қауымның спорттың бұл түріне қызығушылығы басым екені ә дегеннен байқалды. 26 қатысушы теннис ережесіне сай жүйеде шеберлік байқасып, жарыстың көркін қыздырды.
Қызығы сол, қолына ракетка ұстаған жігіттермен қатар нәзік жандар да топқа түсті. Үстел теннисі шапшаңдық пен ерекше ептілікті қажет етеді. Бұл үдеден шыққандар жарыстың келесі айналымына қиналмай өтті. Осылайша ІІІ орын үшін таласта «Қазақстан» ұлттық арнасының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Әділбек Жақанов «Қызылорда» телеарнасының арнаулы тілшісі Асқар Тәжиевтен айласын асырды.
Ал ақтық айқаста Жаңақорған кенті әкімдігінің баспасөз хатшысы Берік Атақожаев «Қоғам ТВ» телеарнасының ІТ-маманы Дәулет Садықовты айқын басымдықпен ұтты.
Жарыс қорытындысында жүлдегерлерге«Абзал және К» толық серіктестігінің қаржылай сыйлығы табысталды.
Сонымен қатар «Кызылординские вести« газетінің бас редакторы Ботагөз Ажарбаева «Көрермен көзайымы» номинациясымен марапатталса, «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі Аружан Оралбай «Үздік ойыншы» атанды. Ұйымдастырушылар бұл бәсекені дәстүрлі түрде жалғастырмақ ниетте.