#qyzylordatv #жаңалықтар #қызылорда #news

Биыл президент пәрменімен «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғаны белгілі. Бұл ретте темірден түйін түйіп, балта мен балғасын серік еткен шеберлерді кәсіби түрде баулитын білім ұяларына үлкен жауапкершілік артылып отыр. Ал, өңірдегі оқу ошақтары сенім үдесінен шыға ала ма? Әріптесім Елжас Әбділда зерделеп көрді.

 Бүгінде Сыр өңірінде 28 колледж бар. Соның он тоғызында жұмысшы мамандар даярланады. Әзірге 7 мыңға жуық студент осы бағыт бойынша білім алуда. Алдағы 4 жылда олардың қатарын 2 есеге дейін арттыру жоспары бар. Ол үшін білім ұяларында қосымша топтар ашылып, мемлекет тарапынан арнайы гранттар бөлінбек.

 Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжі өңірдегі ең іргелі білім ошағының бірі. Бүгінде мұнда 34 білім беру бағдарламасы бойынша 1800 студент оқиды. Соның 80 пайыздан астамы мемлекеттік грант негізінде білім алуда. Былтырдан бері колледждің білім беру жүйесі халықаралық талаптарға сай жетілдіріліп жатыр.

 ВИКТОРИЯ ВАРАВИНА – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «APEC TC» АККРЕДИТТЕУ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ Біз аккредиттеу процесін толықтай халықаралық стандарт бойынша жүргіземіз. Яғни, білім беру ұйымдарының артық-кем тұсы шынайы таразыланады. Сол арқылы біз бағалау сертификатын табыстаймыз. Мұның басты артықшылығы, сертификат иеленген колледж студенттері оқу ошағын тәмамдағаннан кейін әлемнің 70 елінде жұмыс істеуге мүмкіндік ала алады.

Шыны керек қазір жастардан сұрай қалсаң, көбі заңгер, қаржыгер немесе бизнестің тұтқасын ұстағысы келеді. Ал, шын мәнінде төрт түлікті жайлайтын, тұрмысыңды сайлайтын маман қат. Сондықтан бүгінгі буынның қызығушылығын арттыру үшін халықаралық ұйым мақұлдаған осындай білімді бағалау жүйесінің маңызы зор.

 ТҰРСЫНБАЙ ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ – СТУДЕНТ Бүгін осы сертификатты қолымызға алып жатырмыз. Жалпы бұл сертификат әлемнің 70 елінде мойындалады екен. Осы арқылы біз биік өрелерге жете береміз. Қазіргі таңда мен 3 курста білім алып жатырмын.

Қазір қарапайым жұмысшы мамандардың көбі елуді еңсерген. Демек, олардың ізін басатын сапалы кадр даярлау өте маңызды. Сондықтан жастардың қабілетін қашап, еңбек адамын жасау – тұтас қоғамға ортақ іс.