#qyzylordatv #жаңалықтар #қызылорда #news #Сырдария #бөгет #Талсуат #су #субасу

Аймағымызда су тасқынының алдын алу жұмыстары қарқынды. Себебі, Сырдариядағы судың көлемі биыл жылдағыдан мол. Мамандар өзен бойында су басу қаупі бар 28 аумақты айқындап, осал тұстарын қазірден бақылауға алып отыр.

Қызылорда қаласына қарасты Талсуат елді мекені су басу қаупі жоғары аумақтың бірі. Сырдария мен ауыл арасын бөгет қана бөліп тұр. Осыдан екі жыл бұрын дарияның қорғаныс бөгетін су жығып, тұрғындар біршама әбігерге түскен еді. Қауіптің алдын алу үшін биыл бөгетті нығайту жұмыстары жүргізілді.

 АЙЖІГІТ ЕРНИЯЗОВ АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ

Талсуаттың тұсындағы 2-3 қауіпті аумақ бар. Бір жердің өзінен 300 метр ұзындықта дария жағалауын көтерді. Уақытында жасалды. Қазір мынау көріп тұрсыздар ең үлкен жоғары жағдайда тұр.

Жалпы облыста күзден бері су басу қаупі жоғары 7 елдімекеннің тұсында бөгеттерді нығайту жұмыстары жүргізілген. Бүгінде аймақтың оңтүстігінде су деңгейі бір қалыпты болса, Қызылорда қаласынан Аралға дейін дарияны мұз жапты. Яғни, күн жылыса сең жүріп, мұздақтар өзен деңгейін көтеріп жіберуі мүмкін. Сондықтан, жауапты мамандар қазірден осал тұстарды бақылауға алып, бөгеттерді нығайтып жатыр.

 БЕЙБІТХАН СПАНОВ - ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

Арал ауданының Аманөткел елдімекенін білесіздер қауіпті учаске болып саналады. Одан Жалағаш ауданында Ақсу, Шәменов елдімекендері. Соның барысында осы нығайту жұмыстары жүргізіліп аяқталды. Дегенмен, қауіп жоқ деп айта алмаймыз. Соның алдын алу мақсатында жұмысшы топпен қарау жұмыстары жүргізіліп келе жатыр.

Су мамандары Сырдариядан келіп жатқан мол суды өңірдегі ірілі-ұсақты көлдерді толтыруға бағыттап, жайылымдық-шабындық жерлерге де су жайылды. Ал Кіші Арал теңізіне соңғы үш айда 765 миллион текше метр су құйылып, теңіз деңгейі де біршама көтерілді.