#qyzylordatv #жаңалықтар #қызылорда #news #ұрлық #жекеүй
Қызылордада жеке үйге ұрлыққа түсіп, бағалы заттарды қолды еткен күдікті ұсталды. Ер адамның бұл әрекеті көшедегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, күдікті үй иелерінің жоқтығын пайдаланып, терезені күштеп ашып, теледидар мен телефонды және алтын бұйымдарын үптеп кеткен.
Оқиға бойынша үй иелерінен хабарлама түсіп, дереу полиция наряды жедел басқару орталығындағы бейнебақылау камералардың көмегіне жүгінеді. Осылайша, тәртіп сақшылары қаладағы орталық көшелердің бірінен белгісіз ер адамның теледидар көтеріп бара жатқанын байқаған. Оқиға орнына дереу жеткен патрульдік полиция экипажы 37 жастағы азаматты құрықтады. Күдікті Ақтөбе қаласының тұрғыны болып шықты. Бүгінгі күні аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жалғасуда. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Ал, ұрланған заттар үй иесіне қайтарылды.