Аймақта жыл соңына дейін жиырмаға жуық әлеуметтік нысан ашылып, пайдалануға беріледі. Олардың басым бөлігі Жаңақорған, Шиелі аудандарында. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапарымен аталған аудандарға барып, құрылыс барысымен танысты. Жауапты сала басшыларына ел игілігі үшін салынып жатқан нысандардың сапасына жіті мән беруді тапсырды.
Былтыр облыста «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 16 амбулатория салынған болатын. Ал, биыл 11 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Солардың бірі Шиелі ауданы, Алмалы ауылындағы амбулатория. Қазіргі уақытта ғимараттың ішіне әрлеу, сырлау жұмыстары жасалса, ауласы абаттандырылуда.
ЕРЛАН ТӨРӘЛИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
45 адамға арналған амбулаториняың құрылысы 90 пайызға бітіп тұр. Жақын арада құрал-жабдықтары келеді. Жоспарымыз бойынша желтоқсанның 15-не береміз деп отырмыз.
Ал, Жаңақорған ауданындағы Төменарық ауылында 15 төсек-орынға арналған аурухана салынды. Емдеу мекемесі соңғы үлгідегі медициналық құралдармен жабдықталған. Дертіне шипа іздеген тұрғындар енді бұрынғыдай аудан орталығына барып әуре болмайды. Себебі, мұнда барлық жағдай жасалған.
НАЗЫМ ОСПАНОВА, ДӘРІГЕР
Бұрынғы аурухана 54 жылы салынған. Ескі болған. Қажетті құралдармен жабықталған қазіргі аурухана.
Биыл «Руханият жылы» аясында барлық ауданда Руханият орталықтарының құрылысы басталған болатын. Типтік үлгідегі ғимараттың бесеуі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Облыс әкімі Жаңақорған мен Шиелі ауданындағы Руханият орталығының құрылысымен танысып, ең бірінші кезекте сапаға мән беру керектігін айтты. Нұрлыбек Нәлібаев мұнан соң Жаңақорған кентінде салынып жатқан 200 орындық оқушылар үйі мен өнер мектебіне барды. Жасөспірімдерге жарқын жол ашатын орталық құрылысы желтоқсан айында аяқталмақ. Жаңақорғанда ұзақ жылдан бері тоқтап қалған теміржол үстінен өтетін көпірдің құрылысы қайта қолға алынды. Қазіргі уақытта ұзындығы 76 метр болатын өткелді бетондау, шеткі плиталарын ауыстыру, жарық бағаналарын орнату және жол салу жұмыстары жүріп жатыр.
Ел игілігі үшін салынған нысан халыққа ұзақ жылдар бойы қызмет етуі тиіс. Облыс әкімі сондықтан мердігер мекеме өкіліне көпір құрылысын мерзімінде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.