#qyzylordatv
Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ал, келесі бейнематериалымыз тартылған теңіздің табанында шөл кемесін баптап отырған қарапайым еңбек адамы туралы болмақ.
Арал ауданындағы Ақбасты ауылының тұрғыны Жұлдызай Тоқтамыс күніге 10 бас түйені сауып, құрт қайнатып, шаруашылығын дөңгелетіп отыр. Жас отбасының берекелі тірлігі туралы әріптесім Дәулет Сағит айтып берсін.
Жұлдызай Тоқтамыс төрт баланың анасы. Сырттағы шаруаны да, үй тірлігін де үйіріп әкететін бесаспап. Ақбастының таңғы тіршілігі мен табиғат кереметін таспаға түсірмек болғанымызда мал қораға асыққан келіншекті көріп, сөзге тарттық.
ЖҰЛДЫЗАЙ ТОҚТАМЫС – АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ //Өзім Қазалы қаласының қызымын. Түйенің сүті шұбат болатынын, оның құнарлылығын мен осы Ақбастыға келін болып түскеннен кейін білдім...//
Қаланың қызы алғашында шалғайдағы ауыл тіршілігіне тез сіңісе қоймағанын айтады. Қазір ойсылқара түлігін үш мезгіл сауады. Түйенің шұбаты – бойға нәр беріп, тоғайтса, майлы құртын жесең, аузыңнан дәмі кетпейді, дейді. Сондықтан болар, маңғаз малдың бабын тапқан кейіпкеріміз өзгелер сияқты қалаға құлшынбайды екен.
ЖҰЛДЫЗАЙ ТОҚТАМЫС – АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ //Ең бірінші осындағы мамам үйретті түйе саууды. Бірінші жәймен-жәймен жуас түйелерді сауа бастадым. Содан әрі қарай өзім сауатын болдым. Қазір сүтінен шұбат жасаймыз, құрт қайнатамыз. Оның адам денсаулығына пайдасын айтпасақта белгілі. Қаладағылар мұны сатып алып ішіп жатады. Ал, біз табиғи өзіміз өндіріп, қолдан қайнатып ішеміз. Майлы рахат. Балаларымызда жейді.//
Осылайша қарапайым отбасы шалғай ауылда түйенің жайылымына қарай күтімі мен бабын жасап, өмір кешіп жатыр.