#qyzylordatv #тазақазақстан
Қала тазалығы – әрбір тұрғынның мәдениеті мен жауапкершілігінің айнасы. Алайда кей көшелер мен аулалардағы бейқамдық бұл көрініске көлеңке түсіріп тұр. Қызылордада санитарлық тазалықты қадағалау мақсатында құрылған мобильді топ кезекті рейдке шығып, бірқатар көшелердің тұрғындарына ескерту жасады.
Рейд барысында алдымен көзге түскені – тұрғын үй маңайына бей-берекет тасталған құрылыс қалдықтары. Мобильді топ өкілдері сол сәтте-ақ үй иесімен тілдесіп, жағдайды түсіндіріп, әкімшілік хаттама толтырды.
МҰХАМЕДӘЛИ САҚТАҒАНОВ – ҚПБ УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦИЯ ИНСПЕКТОРЫҚалалар мен елді мекендердің абаттандыру қағидаларын бұзған тұрғындарға профилактикалық мәні бар сұхбат жүргізіліп, ескерту салынып жатыр. Яссауи көшесінің бойындағы тұрғынға 505 бап бойынша көше бойында құрлыс заттары жатыр. Сол үшін ескерту салынды. Бұны бір күн ішінде алу керек. Егер алмаған жағдайда 78 мың штраф салынады.
Қала көшелерін бақылау барысында «Шұғыла» мөлтек ауданында жаңадан бой көтеріп жатқан құрылыс нысанының маңынан да ретсіз жатқан қалдықтар анықталды. Жауапты өкілге талаптар түсіндіріліп, ескерту жасалды. Сол аумақтағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында бей-берекет төгілген құрылыс материалдары мен тұрмыстық қалдықтар көзге түсті. Мамандар қоқыстың иесін анықтау үшін пәтерлерді аралап, тұрғындардан сұрастырды. Алайда нақты жауапты адам табылмады.
Мамандар мұндай рейдтердің алдағы уақытта да жалғасатынын айтады. Мақсат – қаланың тазалығы мен тәртібін сақтау.