#qyzylordatv
Футболдан Қазақстан премьер лигасының кезекті тур ойындары өтті. Қызылорданың «Қайсары» өз алаңында Семейдің «Елім-айын» қабылдады. Бес ойын жеңілмей келген дала қасқырлары бұл жолы қарсыласына есе жіберді.
Спорт сарапшылары ойын алдында «Қайсар» өз алаңында ұпай олжалайды деп болжам жасаған. Өйткені, соңғы турларда семейлік клубтың ойынынан мән кетіп, жиі жеңіле бастаған болатын. Бір жағынан, соңғы 5 ойынның екеуінде жеңіске жетіп, қалған ойындарда қарсыласымен тең түскен түз тағылары жеңіліссіз сериясын жалғастыратындай көрінді. Алаң иелері төреші ысқырығы естілісімен алға ұмтылды. Және де көп ұзамай дегеніне жетіп есепте алға шықты. Ойынның 7-ші минутында қақпа алдындағы қарбалас сәтті тиімді пайдаланған Нұрдәулет Ағзамбаев алғашқы голдың авторы атанды.
Мұнан соң, алма-кезек шабуылдар болғанымен бірінші таймда гол соғылмады. Ал, ойынның екінші бөлігінде семейлік команда ес жиды. Жүйелі шабуылдар ұйымдастырып, «Қайсардың» қақпасын қос қапталдан қыспаққа алды. Сондай ұмтылыстардың бірінде «Елім-айдың» жартылай қорғаушысы Роман Мұртазаев мергендігімен көзге түсіп, таразы басын теңестірді.
Әрі қарай алаңда ашық айқас өрбіді. Футболшылар жиі ереже бұзып, допқа талас кезінде бір-бірін аямады. Тіпті, «Қайсар» сапынан Өркен Махан дөрекі ойыны үшін қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Артынша, алаңдағы басымдығын пайдаланып қонақтар есепте алға шықты. Тағы да Роман Мұртазаев гол соқты.
Қасқырлар қанша тырысқанымен таразы басын теңестіруге шамасы жетпеді. Қорытынды есеп 1-2. «Елім-ай» Сырдан үш ұпай еншілеп қайтты. Әзірге қызылордалық клуб 13 ұпаймен турнир кестесінде 11-орында келеді. Келесі ойынын 6-шілдеде сырт алаңда Көкшетаудың «Оқжетпесіне» қарсы өткізеді.