#qyzylordatv

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қаладағы бірқатар құрылыс нысандарын аралап, жұмысымен танысты.

Аймақ басшысы алдымен балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-иновациялық академиясына барды. Заманауи талаптарға сай жабдықталған кешен тәулігіне 3 мың оқушыға дейін қабылдайды. Мұнда бассейн, топтық жаттығу бөлмесі, көркем гимнастика және фитнес залдары, жекпе-жек және үстел теннисі залдары бар. Сондай-ақ балалардың шығармашылығын арттыру мақсатында көркемдік-эстетикалық бағытта кескіндеме, сурет салу, резин арт, сәндік-қолданбалы өнер, FabLab, дыбыс жазу студиясы, робототехника және жасанды интеллект, биотехнология, 3D модельдеу, КИП және автоматтандыру, киберспорт және математика кабинеттері жұмыс істейді. Қазіргі таңда орталыққа оқушыларды тіркеу жұмыстары жүріп жатыр. Айта кету керек, немересін үйірмеге әкелген қала тұрғыны облыс әкіміне ризашылығын білдіріп, аналық алғысын жеткізді.

Облыс әкімі мұнан соң «Қызылорда-нан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кондитерлік және макарон өнімдерін шығаратын цехына барды. Бұл жобаға мемлекеттік қолдау ретінде 5 гектар жер берілген және су, кәріз жүйелерін жеткізуге қаржы бөлінген. Нұрлыбек Нәлібаев сол жағалауда салынып жатқан жаңа стадионның құрылысымен де танысты. Қазір мұнда футбол алаңын жабдықтау, ішкі әрлеу және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Қалада жол құрылысы да қарқынды. Мәселен, Әбілқайырхан көшесінен Саламатов көшесіне дейінгі жол қайта жаңғыртылуда. Аймақ басшысы мердігер мекеме өкіліне құрылыс жұмыстарын мерзімінде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.