#qyzylordatv

Қызылорданың ғасырлық мерейтойына арналған «Тарихтың таңбасы, рухтың ордасы – Қызылордам» атты өнер додасы жалғасуда. Бұл жолы жүз жырауын жүзіктеген Қармақшы өңірінің өнерпаздары облыс орталығына келіп, жырдан маржан шашты. Тарихтан сыр шертіп, өткенге шегініс жасады. Есті де ескі әндерді шырқап, қала тұрғындарына тамаша көңіл күй сыйлады.

 «Ел іші – өнер кеніші» деген. Сыр өңірінде тасада қалып, танылмай жүрген таланттар аз емес. Байқаудың мақсаты - осындай өнерлі жастардың өрісін кеңейтіп, шығармашылығын шыңдау және ғасырлық тарихы бар Қызылорданың өткенінен сыр шертіп, өскелең ұрпаққа насихаттау. Міне, қармақшылық өнерпаздар осы абыройлы міндетті арқалап, облыс орталығына келді. Өнер көшінің құрамында қолөнер шеберлері мен қылқаламды серік еткен суретшілер, көмейінде бұлбұл ұялған әншілер мен мың бұралған бишілер, текті сөзі төрге оздырған жыршылар мен ақындар бар.

 АЛМАСБЕК ЕСМАХАНОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ \Облыс әкімінің бастамасымен қала, аудан әкімдерінің ұйымдастыруымен сыр елінің бас шаһары Қызылорда қаласында жеті ауданның өнерпаздары күмбірлеген күйден, биден, жырдан өздерінің мәдениетін бізге әкеліп қаоа халқына өнерлерін арнап жатыр. .... \

Қармақшы жүз жырауын жүзіктеген киелі өңір. Кешегі өткен Ешнияз сал, Тұрмағамбет, Балқы Базар, Кете жүсіп, Дүр Оңғар, Жиенбай, Тасберген, Рүстембек, Көшенейлердің жолын жалғап, жыр жалауын желбіретін жүрген талантты қыз-жігіттер кеште өнер көрсетіп, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.

 Кеште әжелер ансамблі ауылдың алты ауызына айтса, жас домбырашылар күй тартып, ерекше өнерімен қазылар алқасына тәнтті етті.

 Ал, Үшінші интернационал ауылының өнерпаздары түрік әнін шырқап, достық туын желбіретті. Айта кету керек, қазылар алқасы «Тарихтың таңбасы, рухтың ордасы – Қызылордам» атты өнер додасына қатысқан барлық ауданның концертін тамашалап, жеңімпазды анықтайтын болады.