Шиеліде балабақша қызметкерлері тәжірибе алмасты. Аудандық семинар «Алина» жеке балабақшасында ұйымдастырылып, «Болашақ актерлар» тақырыбындағы театрландырылған қойылымдарымен ерекшеленді.

«Алина» балабақшасында бүгінде 60-қа жуық бүлдіршін тәрбиеленуде.

Бөбекжайдың білімді, ізденімпаз педагогтері бүлдіршіндердің сөйлеу, ойлау қабілетін дамытып, қимыл-қозғалысын жетілдіруге ден қойған. Ол үшін балаларды театр өнеріне баулуда. Әрі сюжеттік-рөлдік ойындар арқылы әр балаға қуаныш, ұмытылмас әсер сыйлайды. Семинар барысында қатысушылар «Алтын балық», «Мақта қыз бен мысық» секілді бірнеше қойылымды тамашалады.

АҚНИЕТ БӨЛЕГЕН – БАЛАБАҚША ТӘРБИЕЛЕНУШІСІ

 Менің жасым бесте. Менің атым Ақниет. Мен Алтын балықты күшті ойнадым. Алтын балық адам тілегін орындайды.

 АИДА УӘЛИЕВА – “АЛИНА” ЖЕКЕ БАЛАБАҚША-ЯСЛИІ” ЖШС МЕҢГЕРУШІСІ

 Балабақшамызда аудандық семинар өтіп жатыр. Тақырыбымыз – театрланған «Болашақ актерлар». Көп қолданыста емес, «Сүзгі» театры, «Тантамареска» театры және «Орамал» театрын алдық. Театр – тәрбие ошағы. Балаларды шыңдап, олардың көзқарасын қалыптастыру үшін театрланған қойылымдар ерекше рөл атқарады.

Аудандық семинар балалардың шығармашылық қабілеттерін арттырумен қатар, тәрбиешілердің тәжірибесін жетілдіруге арналған. Сондықтан іс-шара барысында педагогтердің қатысуымен түрлі тақырыпта тренингтер болды.

ЭЛЬМИРА ИСМАЙЛОВА – АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНЕ ҚАРАСТЫ ҮШІНШІ ӘДІСТЕМЕЛІК АЙМАҚТЫҢ ЖЕТЕКШІСІ

Үшінші әдістемелік аймақта жалпы 20 балабақша бар. Осы 20 балабақшадан 40 қызметкер келіп отыр. Қызметкерлердің барлығы жақсы тәжірибе алмасып кетеді деген ойдамыз.

 ГҮЛЖАЙНА МҰСАЙЫМ – СЕМИНАРҒА ҚАТЫСУШЫ

Балалар ашық ұйымдастырылған іс-әрекеттерге белсенді қатысып, өз ойларын еркін ортаға салып жатыр. Балабақшаның іші де керемет безендірілген. Тәжірибе алмасу семинары жоғары деңгейде өтіп, керемет көңіл-күймен қайтып жатырмыз.

Семинар соңында шараға қатысқан мамандар өздерінің пікірлерін білдіріп, ашық жұмыс көрсеткен педагогтерге шығармашылық табыс тіледі.