#qyzylordatv
Облыс орталығында «Ел-арай» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен волейболдан қайырымдылық турнирі өтті. Турнирде еріктілер және демеушілерден құралған 11 команда бақ сынады. 100-ге жуық адам қатысқан спорттық шараның басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттаумен қатар, жарнадан түскен қаржы арқылы ауыл кітапханаларын жаңа еңбектермен толықтыру. Турнирдің іріктеу кезеңдері жалпы түрде, ал плейоф кезеңі А және В лигасында өтті.
2016 жылы құрылған «Ел-арай» қоғамдық қоры облыс тұрғындарына әлеуметтік көмек көрсетіп келеді. Атап айтсақ, азық-түлік қораптарын таратып, киім, мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуде. Ал 2021 жылдан бастап «Саналы ұрпақ» деген жоба бастады. Жобаның мақсаты – 10-11 сыныпта оқитын, ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалғысы келетін, бірақ мүмкіндігі жоқ оқушыларға қолдау білдіру. Айта кетейік, волейбол турнирінде жеңімпаз командалар мен үздік ойыншыларға кубок, мадақтама қағазы мен медальдар табысталды.