Белгілі қаламгер, соғыс ардагері Қалқабай Әбенов атындағы «Туған жер – тұғырым» атты дәстүрлі шығармашылық байқау қорытындыланды. Облыстық «Сыр бойы» газетінің 95 жылдығы аясында ұйымдастырылған Іс-шараға белгілі қаламгердің көзін көрген үзеңгілес достары мен әріптестері қатысып, оның қазақ баспасөзін өркендету жолындағы еңбегі, адамгершілік қыры туралы естеліктер айтты.
Қалқабай Әбенов бүгінде аймағымыздың ата басылымы саналатын «Сыр бойы» кешегі «Ленин жолы» газетін 1968-1985 жылдар аралығында басқарды. Осы жылдар шегінде ақпарат айдынында мамандықтың қиындығын да, қызығын да көріп, газет ісін өрге сүйреді. Әрі аталған газет тарихында ұзақ жылдар редакторлық қызмет еткен алғашқы журналист болды.
РУСЛАН ҚАЮПОВ – ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Ақпарат кеңістігінде ұлттық идеологияның жүгін көтерген қазақ баспасөзі небір қилы тағдырларды бастан өткерген. Аймақ журналистикасында есімі құрметпен аталатын, газет ісін өрге сүйреген, Сыр бойылық редакторлардың шоқтығы биік тұлғаларының бірі – Қалқабай Әбенов. Оның есімі бүгінгі ұрпаққа үлкен өнеге. Алдағы уақытта байқаудың ауқымдылығын арттырып, саяси маңызы бар шаралардың қатарына қосып, оны жоғары деңгейде өткізуге күш салатын боламыз.
ҚУАТ ШАРАБИДИНОВ - «СЫР БОЙЫ» ГАЗЕТІНІҢ БАС РЕДАКТОРЫ “Туған жер тұғырым” деп айдар алуы да бекер емес. Биылғы байқауға 10-15 шығарма келіп түсті. Соның ішінде ереже бойынша бұрын баспасөз беттерінде жарық көрген материалдар кейінгі кезекке қойылып, дәл белгіленген уақытта жарияланған мақалаларға басымдық берілді. Үздік деп танылған сегіз материалдың ешқайсысы назардан тыс қалмады. Оның төртеуіне ынталандыру сыйлығы табысталды.
Байқау қорытындысы бойынша үздік шыққан «Екі мыңдай жәдігердің егесі» және «Әулеттің отын маздатқан әйелдер» мақалаларының авторы Назерке Сәниязова жүлделі бірінші орынға лайық деп танылып, ақшалай сый сияпатқа ие болды.
НАЗЕРКЕ САНИЯЗОВА – БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗЫ
Облыстың ата басылымын ұзақ жыл бойы басқарған Қалқабай Әбенов атындағы байқауға қатысып, көптің ішінен іріктеліп шығып, марапат алғаным үшін қуаныштымын. Бұл жалпы журналистердің шығармашылығын шыңдау мақсатында ұйымдастырылып отыр.