Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған Сыр өңірінің делегациясы Италияға жұмыс сапарымен барды. Делегация құрамында ауыл шаруашылығы құрылымдарының, құрылыс компанияларының басшылары, кәсіпкерлер бар. Сапардың мақсаты – аймақтың агроөнеркәсіп, құрылыс, қызмет көрсету салаларына инвестиция тарту.
Жұмыс сапары аясында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстан Республикасының Италиядағы, Мальта және Сан-Марино Республикаларындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерболат Сембаевпен кездесті. Басқосуда Қызылорда облысы мен Италия арасындағы ынтымақтастыққа бағытталған жұмыстар талқыланды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы отандық және шетелдік инвестиция тартып, халықтың әл-ауқатын арттыруды тапсырғаны белгілі. Қызылорда облысы мен Италия арасындағы ынтымақтастық орнату мүмкіндіктерін талқылауға ие болғанымыз үшін шын жүректен алғысымды білдіргім келеді. Италия – Қазақстанның Еуропадағы ірі серіктестерінің бірі және біздің облысымыз итальяндық компаниялармен өзара тиімді байланыстарды одан әрі дамытуға мүдделі. Осы елдің ауыл шаруашылығы өнімдерін, машина құрылысы, баламалы энергия көздері салаларындағы мол тәжірибесі аса құнды. Біз осы тәжірибені игеруге қызығушылық танытудамыз. Іссапарымыз өзіңіздің қолдауыңызбен нәтижелі болады деп сенемін», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.