Негізгі Жаңалықтар Ырысы тасыған әулет

Ырысы тасыған әулет

#qyzylordatv 

Берекелі әулеттің алтын діңгегі – ұрпақ тәрбиесіне мән беретін қасиетті шаңырақ. Жаңақорған ауданындағы Ақылбековтер отбасы ұрпағымен өсіп-өнген әулет. Бірлігі жарасқан отбасының құпиясы неде? Өнегелі отбасының шаңырағында болған тілшіміздің бейнематериалы.


 Икрам ақсақалдың жасы жетпіске жақындады. Еңбекпен еңсе тіктеп, зейнетке шыққанша ауыл шаруашылығында тер төккен қария әлі тың. Ауладағы азды-көпті тірлікті өзі-ақ атқара береді. Бау-бақшаны да баптайды. Бұл – қарттыққа мойымаған жанның ұрпағына көрсеткен үлгісі.


Икрам Ақылбековтың мамандығы – сушы. Ұзақ жылдар бойы өзі тұратын ауылдағы селолық тұтыну кооперативі мен су қоймасында еңбек етті. Бүгінде, немерінің қолынан су ішу бақыты бұйырып, ұрпағымен көктеп-көгеріп отырған үлкен әулеттің тірегі. Ұрпағының амандығын тілейтін қазыналы қария жастарға жол көрсетуден жалыққан емес. 


 Атпал азаматтың артында ақылды әйел тұрады. Жары Гауһар саналы ғұмырын білім беру ісіне арнаған. Балалары да ата-ананың жолын жалғап, еліміздің ғылымы мен білімінің дамуына үлес қосуда. Әулетте ғылым кандидаттары, білім саласының үздіктері және халықаралық деңгейде жетістікке жеткен жас дарындар бар. Биыл «Мерейлі отбасы» байқауында үлгілі отбасы ретінде танылған әулет бүгінде жас ұрпаққа білім мен тәрбиенің, татулық пен сыйластықтың үлгісін көрсетіп келеді.


 Ұлттық тәрбиеге арқа сүйеп, қылықты қыз бен мінезді ұл тәрбиелеп отырған әулеттің басты мақсаты ұрпағының бойына ұлттық құндылықтарды дарыту. Киелі қара шаңырақтың игі дәстүрін ұрпақтан ұрпаққа жеткізу. 


Бөлісу