Биыл даңқты жырау Жиенбай Дүзбенбетұлының туғанына – 160 жыл. Осыған орай облыс орталығында Сыр сүлейінің мәдени мұрасын дәріптеуге арналған жыр фестивалі ұйымдастырылды. Тағылымды шараның жай-жапсары турасында тілшіміз тарқатады.

Сыр өңірі – жыраулық өнердің байрағын көтерген өрісті өлке. Соның ішінде қасиетті Қармақшы топырағының орны бөлек. Жүз шайыр шыққан аймақтың өнер көші өнегемен өміршең. Әсіресе, Жиенбай жыраудан басталған тағылым таралғысы әлі күнге дейін мәнін жоймай келеді. Биыл сол Сыр сүйлейінің туғанына 160 жыл толып отыр. Мерейтой аясында ұйымдастырылған жыр фестивалінде абыз мұрасын ұрпақтары ұлағатпен орындады.

Көнекөз қариялардың айтуынша, Жиенбай жырау Түркіменстан асып, сол елде «Көрғұлы» дастанының арабша нұсқасын үйренген. Тарихи шығарманы кейіннен қазақ тіліне тәржімалап, алқалы топта шырайын шығарып орындаған. Шыны керек, 62 салалы бұл дастан өте күрделі шығарма. Сондықтан қазір түпнұсқадан теріп, нақышын бұзбай орындайтын жыраулар аз. Соның бірі Жиенбай жыраудың тікелей ұрпағы Бидас Рүстембекұлы. Өнер кешінде Бидас жырау мен шәкірті Әйгерім Ешбаева «Көрғұлы» дастанын алма кезек жырлады.

Бүгінде қасиетті Қармақшы топырағында жыраулық өнердің байрағын биіктетер талантты жастардың қарасы қалың. Аталы өнер осы мұрагер ұрпақтармен өміршең. Демек, Жиенбай жыраудың мәдени мектебі мен өнер көші өрістей бермек.